422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында қандай мәселелер қозғалды?

  • 393
  • UPD: 20:47, 22.10.2020

Бізде ауыл шаруашылығына қажетті су тапшы. Тіршілік нәрінің жетіспеушілігі 2 мың текше шақырымға жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысқан кезде Мемлекет басшысы айтты.

Алқалы жиында Президент қаңдастардың мәселесін көтеріп, еңбек миграциясы, білім берудегі кемшіліктерді атады. Үкіметке теріскейге қоныс аударатындарға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге дейін ұлғайтуды міндеттеді.

Былтыр құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бұқара мен билік арасын жалғайтын бірегей құрылымға айналды. Бүгін төртінші отырысы өтті. Президент әуелі кеңес мүшелерінің ұсынысын тыңдады. Әркімге пікір айтуға, бастама көтеруге мүмкіндік берді. Енді соның бірнешеуіне тоқталайық. Бұл – Максим Споткай. Сенат Аппараты басшысының орынбасары. Кеңесте сөз алған ол ұлттық жобаларымызда өз өрнегіміз болуы керектігін айтты.

Максим Споткай, ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары:

– Өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталаудан бас тарту керек. Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған шетелдік тәжірибелер әрдайым сәтсіз болады. Жобалар жабық есік жағдайында дайындалмау керек. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері атсалысқаны жөн. Қазақстанның өзіндік артықшылықтары бар. Соларға басымдық беруіміз керек.

Кеңестің тағы бір мүшесі – «Талбесік» аталатын көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахмет ауылдағы үйлердің кепілдік құнын жоғарылатуды сұрады.

Ләззат Қожахмет, «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі:

– Ауылдық тұрғындарға берілетін 6 пайыздық несие бар. Бірақ өкінішке қарай, осы «ҚазАгро» холдингіне қарасты акционерлік қоғамда ауылдағы мүліктерді өте төмен бағалайды. Мысалы, ауылдағы үйдің бір шаршы метрін 6 мың теңгеге бағалайды. 6 миллиондық кредитті алу үшін бірнеше баспанаң болуы керек, не болмаса, үлкен жайылымдық жерің болуы керек. Яғни ауылдағы тұрғындарға 6 пайыздық кредитті беру шарттарын жеңілдетіп, бағалайтын мүлік құнын жоғарылатуды сұраймыз.

Белгілі құқық қорғаушы Айман Омарованың айтуынша, соттарда прокурордың, анда-санда келетін медиаторлардың бөлмесі бар. Ал үнемі сотта жүретін адвокаттардың бөлмесі жоқ. Ол қорғаушыларға сот тарапынан қысым да болатынын айтады.

Айман Омарова, адвокат:

– Кейбір сот адвокаттарды ақиқатты айтқаны үшін қысымға алатынына куә болдым. Барлық азаматтардың қызметтік жайы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан заң алдында тең болуы керек деген сөз әрбір қазақстандықтың санасында сайрап тұруы тиіс. Сонда ғана заңның үстемдігі өз биігінде қалады.

Ал құқық қорғаушы Айгүл Орынбек Президенттің алдында Түкістан облысындағы бірқатар былықты сөз етті. Мәселен, жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметі мардымсыз. Не істеп жатқандары да беймәлім. Жаттанды жиналысты ғана көреміз деді ол. Облыстағы кей ауылда әлі күнге дейін ауыз судың жоқтығын айтып күйінді.  

Айгүл Орынбек, құқық қорғаушы:

– Біздің өңір ауызсу, көгілдір отыны жоқ елді мекендер бойынша көш бастап тұр. Мәселен, ішер суының 1 литрін 2 теңгеге сатып алып отырған аудандар да бар. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, Бәрі жақсы, бәрі керемет! Өмір ғажап! Ал бұл көзбояушылықтың зардабын тартатын әдеттегідей халық.

Президент барлық ұсынысты тыңдады. Сосын барып сөз алды. «Айтқандарыңыз орынды» деп кеңес мүшелерін қолдай сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің ойымша, бүгінгі айтылған ұсыныстар тиімді. Өзекті. Осы ұсыныстардың басым көплішігін жаңа жылдың барысында жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырма берді. Әуелі Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді. Бұл елде басталған реформалардың тағы бір салмақты компоненті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Азаматтар қандай да бір ұзақмерзімді жағдайда емес, жақын арада мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көріп, сезіне білуі тиіс. Ауыл әкімдерін сайлау Қазақстан тарихында бірінші рет өткізіледі. Бұл сайлау тиімді әрі тұрақты мемлекеттік институттарды құрудағы маңызды қадам болмақ. Ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлап алу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен келдік.

Президент еңбек миграциясына тоқталды. Шетелдерде қызмет көрсету секторында жұмыс істейтін азаматтарымыз үшін алаңдаулы екенін жеткізді. Себебі жыл сайын мыңдаған отандасымыз ақша табу үшін шекара асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салады, оның ішінде еңбек миграциясындағылар да қамтылады. Үкімет осы мәселелерді зерделеп, тиісті ұсыныстарды енгізуі тиіс.

Осыдан соң Президент ел ішіндегі миграцияны айтты. Оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге барынша жағдай жасау керек деді. Осылайша Үкіметке теріскейге қоныс аударатындарға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге дейін ұлғайтуды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Мигранттарды ынталандыру үшін оларға берілетін жәрдемақыны екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, шешім қабылдауды тапсырамын.

Ата жұртқа оралған қандастардың жағдайы да Президенттің жіті назарында. Бұл жолы да Қасым-Жомарт Тоқаев шеттен келген ағайындарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін таппағынын атады. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылады. Үй алу құқығынан да бірден айырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді.

Ендігі мәселе – халықты жұмыспен қамту. Биыл дағдарысқа қарсы шаралардың қабылдануы жұмыс орындарын құруға сеп болды. Алайда бұл шаралар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға жеткіліксіз. Сондықтан жұмыспен қамтудың аймақтық карталары жасалады. Осыдан соң Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпек керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздің ірі кәсіпорындарында «Халықтық бақылау» жобасын белсенді түрде жүзеге асыру қажет. Оның мәні бұрынғы қызметкерлердің, соның ішінде өндірістік жарақат алғандардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауында. Тағы бір негізгі бағыт - еңбек нарығын қазіргі заманғы шындыққа бейімдеу қажет.

Қоғамдық кеңесте білім беру мәселесі тағы қаузалды. Президенттің пәрменімен жоғары оқу орындарының құрылымы өзгертіліп жатыр. Біразы коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Осыдан соң ел ішінде жоғары оқу орындары сатылады деген қаңқу сөз тарады. Бұған бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев кесімді жауабын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық және мемлекеттік ЖОО сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда.

Білім бастауы – кітапхана. Ал мектептерде кітап қоры аз. Әсіресе қазақ тіліндегі әдебиеттер тапшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Жиында Президент балаларды қорғау мақсатында ұлттық мониторинг механизмін енгізуді тапсырды. Бұл бүлдіршіндерді түрлі жәбірден, интернеттегі арандатудан қорғау үшін қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық мониторинг механизмін – балалардың амандығы индексін құрып, оны 2022 жылдан бастап енгізу қажет. Индексті енгізу жұмысы балалардың әртүрлі саладағы жағдайын жақсарту бойынша ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

Инклюзивті білім беру, кедергісіз орта қалыптастыру мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау мемлекеттің жіті назарында. Алайда мұндай санаттағы жандарды ынталандыру тетіктері қарастырылуы керек. Адам құқығы төңірегінде осылайша сөзін сабақтаған Президент бізде адам саудасы әлі күрделі проблема екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл жерде бізде көптеген шешілмеген мәселе бар. Тіпті жағдай қиын деп айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен есептерде Қазақстан нашар көрінеді. Мен бұл мәселені жолдауда ерекше атап өттім, енді бізге барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың шешуші және үйлестірілген әрекеттері қажет. Қазақстан заңнамасы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуі керек.

Президент қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керек деді. Себебі елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Тағы бір өткір мәселе – бізде ауыл шаруашылығына қажетті су тапшы. 2 мың текше шақырымға тіршілік нәрі жетіспейді. Қайтпек керек? Президент мәселені цифрлық технологияларды пайдалана отырып, жедел әрі түпкілікті деңгейде шешу керектігін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Су рационалды түрде жұмсалуы керек. Бізде бұл тұрғыда сәтті тәжірибе бар. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында ірі шаруашылықаралық арнаны цифрландыру бойынша К19 пилоттық жобасы сәтті іске асты. Бұл тәжірибені кеңінен пайдалану керек.

Келесі жылы тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сондықтан бұл жыл экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адамдардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны аялау ұранымен өтуі керек. Президент осылай деді. Өйткені дәл қазір осынау тарихи маңызды күнге байланысты сансыз салтанат өткізетін кез емес.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ернар Нысанбай

Хабар 24 телеарнасы