428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің аймақтарында карантин талаптары күшейтіліп жатыр

  • 311
  • UPD: 15:13, 16.10.2020

Елімізде карантиндік шаралар күшейтіліп жатыр. Әр аймақтың бас санитары өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалай отырып, тиісті шешім қабылдайды. Пандемияның екінші толқынына әзірлік қалай? Дерт дендеп, қайта бас көтерсе, ауруханалар толық дайын ба? 

Елордада күшейтілген карантин шаралары 14 қазаннан бастап енгізілді. Әкімдік және квазимемлекеттік сектор қызметшілерінің 60 проценті қашықтан жұмыс режиміне ауысты. Кафе, мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары кешкі сағат 10-ға дейін ғана қызмет көрсетеді. Жексенбіде қоғамдық көлік жүрмейді. 

Алматы қаласында да вирус жұқтырғандардың саны көбейіп келеді. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарға карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, рейд жүргізуде. Шаһар бойынша 26 мониторингтік топ жұмысқа кірісті. Қоғамдық көлікте бетперде тақпаған азаматтарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл 83 мың теңге.

Манап Саттаров, Алматы қ. ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Бетпердені мүлдем тақпайтындар көбейіп кетті. Осыған байланысты қазір қала бойынша қазір рейд жүріп жатыр. Адамдар көп жиналатын, демалыс орындарында және қоғамдық көліктерде күндіз-түні түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы айдың ішінде 189 мейрамхана, мекемелер, кафе барлар тексеріп, ондағы 29 кәсіпкерлерге айыппұл салынды.

Ақмола облысында да шектеу шаралары күшейтілді. Әсіресе жасы 65-тен асқан адамдардың үйден шықпауына кеңес берілді. Себебі соңғы күндері коронавирусқа шалдыққандардың көбі егде жаста дейді эпидемиологтар. Мұнда да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер жұмысшыларының 80 процентін онлайнға жұмысқа көшірді. Ал сенбі-жексенбі күндері ғибадат орындары жабық болады. Ірі сауда орындары мен базарлар демалыс күндері жұмыс істемейді. Шектеу шараларын күшейтуге өңірде вирус жұқтырғандардың 28 процентке көбеюі себеп.

Айнагүл Мусина, Ақмола облысының бас санитар дәрігері:

- Егер 8-і мен 14 қазан аралығында бізде 42 адам тіркелсе, алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 30 адам болатын. Осыған орай локдаун енгізіп отырмыз. Екі апта бақылаймыз. Жағдай түзелмесе, карантин шараларын одан әрі күшейтеміз. Осыған дейінгі жүргізілген рейдтер көпшілік орындарда санитарлық талаптардың сақталмайтынын, ал, ауруға шалдыққандардың көбі халық көп жиналатын жерлерге барғанын көрсетті.

Қызылорда облысында да сақтық шаралары күшейтілді. COVID-19 вирусының таралуына байланысты, жарты жылдай жабық болған түрмелерде қазір індеттің келесі толқынына дайындық жүріп жатыр. Жазасын өтеушілерге медициналық көмек көрсету үшін 11 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Қылмыстық атқару жүйесі депараментіне қарасты нысандарда 4 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі алынып қойған. Жарты жылға жететін медициналық препараттармен қатар қорғаныш құралдарының қоры жасақталған. Ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер ПТР анықтамасын көрсету арқылы жүзеге асырылады. 

Жүніс Әбдіқайыров, облыс бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары:

- Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ түзеу мекемелерінде жалпы саны орташа есеппен мыңға жуық адам жазасын өтеуде. Бақылау-өткізу бекеттерінде алыстан дене қызуын өлшеу құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, мекемеге кіретін аумаққа барлығы бетперде және залалсыздандыру антисептик қолдану арқылы ішке енгізу шаралары ұйымдастырылған.

Бұл Түркістан облысындағы Қазақстан-Өзбекстан шекарасы. Қауіпті вирус жоқ кезде бұл маңда тіршілік қыз-қыз қайнайтын. Күніне 400 ден астам адам екі ел арасында қатынаған. Қазір ондағы адам саны азайған. Дегенмен шекара қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Тек санитарлық талапқа сай қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Облыстың Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш, Мақтарал, Келес аудандарында санитарлық бекеттер құрылып, адамдардың дене қызуы мен ПТР-тест сынамалары тексеріліп жатыр. Өткен аптада 400-ден астам адамды стационарға жатқызылды. Олардың ішінде жұқпалы індет анықталған азаматтар да кездескен. Қазір аудандандардағы правизорлық емдеу орындарында төсек орын жеткілікті. 

Мукадас Юнусметова, «Жібек жолы» кедендік бекетінің санитарлық-карантиндік бақылау бас маманы:

- Қазақстан Республикасының азаматтары қолында ПТР анықтамасы болса шекарадан оңай өте алады. Ал егер де қолында тиісті құжат болмаса, онда біз ол азамат туралы сауалнама  толтырып, қолхат алып сосын жедел жәрдем шақырамыз. Дәрігерлер ондай азаматтарды жетргілікті  провизорлық стационарға апарып екі күнге жатқызады.

Ал Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауыл-аймақтарында қауіпті індеттің екінші толқынына дайындық шаралары жалғасып жатыр. 40 мыңға жуық халқы бар Тарбағатай ауданында 200 төсек дайындалып, дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры жасақталды. Әлеуметтік нысандар медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Той-томалақ пен өзге де жиындарға қатаң тыйым салынған. 

Асхат Смайылов, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Жалпы бізде Ақсуатта 50 төсек дайын тұр, Ақжарда 50 төсек дайын тұр. Оның сыртынан инфекцияға деп, 85 төсек ол да дайын тұр. Жалпы 200-дің үстінде төсектер дайын тұр. Барлық тойхана, қатымханалардың барлығы жабық тұр. Ол міндетті шарт, халық бәрін түсініп отыр. Ауылдарды аралап жүрмін, барлығы бетпердемен жүр.

Көктем және жаз айларында вирустың ең үлкен ошақтарының бірі болған Атырау облысында да жағдай бақылауда. 3 күн бұрын ғана өңірде карантин талаптары күшейтілген еді. Десе де, өңірдегі, эпидемахуалды саралай келіп, бас санитарлық дәрігер, спорт және ойын сауық кешендерінің жұмысына қойылған шектеулерді жеңілдетті. Бүгіннен бастап таңғы 9-дан, кешкі 10-ға дейін, жалпы сыйымдылығы 50 адамнан аспайтын бассейндерге, 30 процентке дейін, адам қабылдауға рұқсат. Сауда-ойын-сауық орталықтары да 30 проценттік жүктемемен жұмыс істеуі тиіс. Ал қалаішілік, және ауданаралық автобустар қатынасына шектеу қойылмаған. 

Автор: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы