428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Қорғаныс министрімен кездесті

  • 153
  • UPD: 19:38, 16.10.2020
Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Қорғаныс министрімен кездесті Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгуді қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Әскери-техникалық сала, әскери бағыт Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарда маңызды орын алады деді Президент. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қол қойылған Әскери ынтымақтастық туралы шартты құптады және оның Ресей Қорғаныс министрінің Қазақстанға жасаған сапарының маңызды нәтижелерінің бірі екенін атап өтті. Ресей Қорғаныс министрі кездесуге және қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Кездесу соңында Президент әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Сергей Шойгуді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әскери сала Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының одақтастығы және стратегиялық әріптестігінде ерекше орын алады. Сондықтан бүгін қол қойылған әскери ынтымақтастық жөніндегі келісімді қолдаймын және бұл сіздің сапарыңыздың маңызды мақсаттарының бірі деп ойлаймын. Биыл 24 маусымда Мәскеуде ұйымдастырылған Жеңіс парадына қатыстым. Әскери шерудің өте жоғары деңгейде өтуімен сізді құттықтаймын.

Сергей Шойгу, РФ қорғаныс министрі:

– Менімен кездесуге арнайы уақыт бөліп, өзекті мәселелерді талқылап отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Әскери-техникалық әріптестігіміздің маңызы өте зор. Бүгінгі келісім осы саладағы ынтымақтастықты арттырмақ. Ол бұған дейін жасалған келісімдердің ішіндегі ең ауқымдысы. Қызыл алаңдағы парадқа келсек, оған Қазақстан тарапынан әскерилердің қатысқанына алғысымды білдіремін. Пандемияға байланысты оған көп мемлекет келе алмады. Ал сіздің әскерилер белсенділікпен қатысты. Одан бөлек, халықаралық Армия ойындарына да қазақстандық қарулы күштер командасы барды. Және үздіктер қатарынан көрінді.

Хабар 24 телеарнасы