423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс – А.Мамин

  • 204
  • UPD: 11:01, 20.10.2020
Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс – А.Мамин

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Е.Есқалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов баяндама жасады, деп хабарлады primeminister.kz.

«Мемлекет басшысы пандемия кезінде негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азаймайтын қорын қалыптастыруды тапсырды. Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, медициналық ұйымдар мен халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», - деді А.Мамин.

Биыл міндетті медициналық сақтандыруды енгізу аясында тегін дәрілік заттардың тізбесі 45-тен 137 нозологияға дейін 3 есеге кеңейтілді. 2020 жылғы тамыз айынан бастап азаматтарға үйде коронавирустан емделу үшін дәрілердің 5 түрі (қызуды түсіретін, антикоагулянттар) тегін беріледі (қамту жоспары – 1 млн адам).

Стационарлар мен жеке қорғаныш құралдарына арналған 91 түрлі дәрі-дәрмектен екі айлық республикалық және өңірлік қор қалыптастырылды. Дәріханаларда тапшылықты болдырмау мақсатында «СҚ-Фармация» бөлшек сауда желісін толықтыру үшін қолда бар қорға қосымша 33 сұранысқа аса ие препараттарды сатып алады.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 39,8% – 93,4 млрд теңгеге дейін өсті. Отандық тауар өндірушілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5042 атауына 88 ұзақ мерзімді шарт жасасты. ҚР-да тәулік сайын 900 мың маска және 330 мың жұп қолғап, айына 504 мың қорғаныш костюмі шығарылады. Қазақстанның 17 өңіріндегі 297 ауруханаға 1500 бірлік (100%) ӨЖЖ аппараттары өндіріліп, барлығы жеткізілді. 376 жедел жәрдем машинасы, 63 жылжымалы медициналық кешен шығарылды.

Барлық өңірде көлемі 13 млрд теңгеден асатын дәрілерді қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорлары құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ведомствоаралық комиссияның шешімімен жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін тұрақтандыру қорларын қалыптастыру әдістемесі бекітілді.

Премьер-министр әкімдіктерге осы жылдың 1 қарашасына дейін тұрақтандыру қорларының көлемін бекітілген нормативке дейін жеткізуді, медициналық ұйымдарда да, дәріханаларда да дәрі-дәрмектердің қажеттілігін үнемі қадағалап отыруды тапсырды. Бұл ретте тұрақтандыру қорлары есебінен дәрі-дәрмектерді сатып алудың нақты алгоритмінің болуы қажет екені атап өтілді.

«Денсаулық сақтау министрлігіне СҚ-Фармациямен бірлесіп, стационарларда, әсіресе, жұқпалы аурулар ауруханаларында дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргізуді тапсырамын. Дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс», - деді А.Мамин.

Индустрия министрлігіне медициналық маскалар шығаруды (тәулігіне 1,5 млн данаға дейін) арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне келесі жылға дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақытылы сатып алып, жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр Мемлекет басшысының СҚ-Фармацияның дәрі-дәрмекті сатып алуының тиімділігі мен жеделдігін арттыру туралы тапсырмасын нақты орындау қажеттігін атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы