422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Емханалар коронавируске қарсы дәріні тегін бермесе шағымдануға болады

  • 268
  • UPD: 22:52, 20.10.2020

Коронавирустың тағы бір толқыны болса қалса, дәрі-дәрмек жетеді. Барлық өңірде тұрақтандыру қорлары құрылды. Вируске қарсы дәрілік препараттардың 48 проценті өзімізде өндіріліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Дәрі мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау процедурасы 3 күнге қысқарды.

Шілде айындағы дәрі-дәрмек тапшылығы ұмытыла қойған жоқ. Осы келеңсіздік қайталанбас үшін қор толтырылып жатыр. Жазда гуманитарлық көмек ретінде келген дәріге де қол жеткізу қиын болған еді. Енді ондай көмекті бөлу жолдары жеңілдепті. Түйір дәрі қат болғанда «СҚ-Фармацияның жұмысына біраз сын айтылды. Кешенді тексеру жүргізіліп, жүйеге біраз өзгеріс енгізіліді. Логистика жаңартылып, сатып алу мен тендер өткізу рәсімдері автоматтандырылады. Бұрын бұл іс 45 күнге дейін созылатын.

Әйгерім Смаилова, «СҚ-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Коронавирустың екінші тоқынына дайындық жүріп жатыр. Қазір бірыңғай дистрибьютердің қоймаларына дәрінің 2 айлық қоры жиналды. Бұл бір айда стационарларда шамамаен 60 мың адамды емдеуге есептелген. 44 түрлі дәрі енген.

Індет отандық фармацевтика саласын бір сілкінтті. Еліміздің бас дәрігері Алексей Цойдың айтуынша, тек осы вирусқа қарсы препараттың 50 процентке жуығы өзімізде өндіріліп жатыр. Жалпы өндіріс көлемі 39,8 процентке өскен. Отандық кәсіпорындар тәулігіне 900 мың маска шығарады. Қоймаларда 18 млн дана маска мен 7 млн қолғап дайын тұр. 8,2 млрд теңгеге 44 дәрілік препарат түрі сатып алынады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 2009-2020 жылдар кезеңінде бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 5042 атауын жеткізу үшін 88 ұзақ мерзімді шарт жасалды. 10 жыл ішінде отандық тауар өндірушілердің тауары  312,4 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынды. Бірыңғай дистрибьютор дәрінің 30%-ін отандық тауар өндірушілерден алады.

Үкімет барлық шараларды жасап жатыр-деген Асқар Мамин жауаптыларға біраз тапсырма берді. Денсаулық сақтау министрлігі СК-Фармациямен бірлесіп, стационарларда және инфекциялық ауруханаларда дәрі-дәрмектің болуын қадағалауы тиіс. Ал индустрия министрлігіне маска өндіру көлемін арттырып, тәулігіне 1,5 млнға жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ, келесі жылдың қамын жасау керектігін баса айтты. Әсіресе «СҚ-Фармация» жүйелі жұмыс істеуі керек.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа кезеңіне дайындық, медицина ұйымдарын және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Әкімдіктер биылғы 1 қарашаға дейін тұрақтандыру қорларының көлемін бекітілген қаржылық нормативке жеткізсін, медицина ұйымдары мен дәріханаларда дәрі-дәрмекке қажеттілікті тұрақты қадағалауды қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі СҚ-Фармациямен бірігіп ауруханаларда дәрі-дәрмек болуына мониторинг жүргізсін.

Тамыз айынан бастап азаматтарға коронавирустан үйде емделу үшін дәрінің 5 түрі тегін беріле бастады. СҚ-Фармация өкілдері егер емханалар дәріні бермеген жағдайда шағымдануға болатынын ескертіп отыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы