425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігін жою керек – Қ.Тоқаев

  • 204
  • UPD: 21:27, 23.10.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының сегізінші съезінің ашылуына қатысты. Президент соттарға азаматтар сенім артуы үшін, судьяларды іріктеу мен сапаға баса мән беру керектігін айтты. «Осы бағытта тұтастай жүйені реформалауға бағытталған жұмыстар жалғаса береді» деді. Біздегі сотты жаңғыртуды Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін тапсырған еді. Жүйе қаншалықты өзгерді? 

Қорған Төреқожа, тілші:

- Сегізінші съезге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан соттарының басшылары, Германия, Эстония, Еуразиялық экономикалық одақтың судьялары мен шетелдердің елшілері қатысты. Бұл жиынның халықаралық мәртебеге ие екендігін білдіреді. Жиында сөз алған Жоғарғы соттың Төрағасы Жақып Асанов былай деді: «Көктемде елде төтенше жағдай жарияланған соң сот процесінің 95 проценті қашықтан өтетін болды. Мәселен, бұған дейін 150-дей іс қашықтан қаралса, қазір бұл 4 жарым мыңға жеткен. Сонда онлайн сот процесі 30 есеге көбейген. 

Алдымен сот жүйесін реформалаудың алғашқы нәтижелерін айтайық. Президенттің пәрменімен соттарды іріктеуге басымдық берілді. Сауатты, мықты дегендері қалады. Сүрінгендері, сынға ілінгендері кетіп тынады. Мәселен бұрын 4 үміткердің 1-еуі судья атанса, қазір 20 адамның біреуі ғана судья бола алады. Сот жүйесіндегі қызметтік орындардың 14 проценті бос тұр. Бірақ біліксіз кадрға қарағанда осы жақсы емес пе?!

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:

- Қазіргі судьялардың құзыреттілігін анықтау үшін жаңа әдістеме бойынша 5 жылдық бағалауды жүргізіп отырмыз. Дүниежүзілік банк сарапшылары мұны жоғары бағалады. Яғни ІТ жүйесі автоматты түрде тәуекел тобын анықтайды. Содан кейін біз оларды судья лауазымына үміткер ретінде тексереміз. Бұрын 105 судьяның біреуі бағалаудан өте алмаса, қазір 100 судьяның ішінен 10-ы өте алмайды. Өткен 1 жарым жылдың ішінде 51 судья кәсіби тұрғыда жарамсыз деп танылды. Үш жыл ішінде барлық судьяның 84 проценті бағалаудан өтеді. 

50 жылда ел жаңа. «Осылайша біздегі сот жүйесі өзгереді» деді Жақып Асанов. Соттардан «рейтинг» деген жойылып, жүйе бума-бума қағаздан арылып жатыр. 

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:

- Мысалы, заңгерлер мен адвокаттардың сот процесіне гаджет алып өтуіне салынған тыйым жойылды. Соттардың ресми рейтингі алынып тасталды. Судьяға баяғыдай енді ешкім сөйт-бүйт деп бұйырмайды. Сот шешімдеріне шағымдану 30 процентке қысқарды. «Еститін мемлекет» деген саясатқа сай қоғаммен диалог құрылуда. «Баспасөз бен әлеуметтік желі не жазып жатыр» деп, тәулік бойы бақылау жүретін болды. Ақтап шығатын үкімдер көбейді.

Сыбайлас жемқорлыққа сотта жол жоқ! 2018 жылы 28 судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалған. 14-і сотталды. Қалғаны жұмыстан қуылды немесе істері сотта қаралып жатыр. 

Жасыратыны жоқ, сот ғимараттарының жартысынан көбі ескі әрі тар. Өткен ғасырдың 20-80-жылдары салынған. Не істемек керек? Проблеманы қайтіп шешеміз? Судья ұсынысын айтты. 

Біржан Кәрібжанов, Алматы қалалық сотының судьясы: 

- Бұл проблеманы шешудің ең оңай жолы, әрине пәленбай миллиард қосымша қаржы сұрау. Мысалы, Әзірбайжан 200 млн доллар кредит алып, бір стандартпен барлық ғимараттарды салып тастаған. Әрине кредит алуды сұрап тұрған жоқпын. Меніңше, мәселені ұтымды, тез шешудің басқа жолы бар. Жақып Қажыманұлы, өткенде Сіз аудандық соттарды біріктіру туралы айттыңыз. Меніңше, ең тиімдісі сол. Мысалы, Нұр-Сұлтанның 4 ауданында 4 қылмыстық және 4 азаматтық сот бар. Алматы мен басқа қалаларда да солай. Соларды бір жерге біріктірсек, ұтарымыз көп. 

Қордалаған проблеманы естіп, жасалған, жасалып жатқан істерді тыңдап алған соң ел Президенті сөз алды. Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақсаттарға жету үшін бірқатар басымдықты айқындады. Адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету бірінші міндет болуы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмысында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуға тиіс. Судьяларымыз адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек. Еліміздің судьялары кәсіби біліктіліктерін ұдайы арттырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, қалыптасқан ойлау жүйесін өзгертіп отыруы қажет. Бұл үшін сот саласындағы өзекті халықаралық үдерістерді ескеріп, судьялардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнату маңызды. 

Екінші маңызды басымдық - сот жүйесінің тәуелсіздігі. Әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру қажет-ақ. Әйтпесе болмайды. Сотқа сенбеген адам кімге барады?! Кімге жүгінеді?!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Отандық және халықаралық сарапшылар судьяларды әлі де болса соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұл тиімсіз тәжірибе. Бұдан құтылу қажет. Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкім де күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс. 

Тәуелділік өз алдына. Судьяларға кейбір БАҚ және әлеуметтік желілерден де қысым жасалады. Содан кейін жан-жағына жалтақтаған сот қайтіп бейтарап бола алады?!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек. 

Кәсіби судьялар корпусы тұтас сот реформаларының шешуші факторы екеніне дау жоқ! Сондықтан бұл жүйедегі талап жоғары болуы тиіс. Ал осы міндетті жүзеге асыруда Жоғарғы сот төрағасының еңбегі зор! Қасым-Жомарт Тоқаев Жақып Асановтың бұл қызметін де айрықша атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын.

Сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Азаматтық дау-дамайды бітімгершілікпен шешкен дұрыс. Бұл істе судья  қауымы арағайын болуы тиіс. Бұдан бюрократия да болмайды. Істер көпке созылмайды. Осы орайда Президент «сот ісін оңтайландырып, керексіз рәсімдер мен регламенттерді алып тастау қажет» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

- Сот процесі түсінікті және ыңғайлы болуы тиіс. Азаматтар рәсімдердегі түрлі айла-шарғыларды шешуге міндетті емес. 

Бұрындары соттарда 20 мыңға дейін іс қаралатын. Бір жылда емес, бір күнде! Не деген жүктеме екенін сезініп көріңізші. Одан сапа бола ма?! Сапа болсын деп сол бір күнде қаралатын 20 мың іс қазір 6 мыңға дейін қысқартылыпты. Президент «мұндай жұмыстарды жалғастыра беру керек» деді. Себебі басты міндет азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту.

Автор: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы