422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Министрлік нәтижелі жұмыс көрсетуі тиіс – Тоқаев полиция жұмысы туралы

  • 273
  • UPD: 21:45, 29.10.2020

Келесі жылы сотталған адамдарға амнистия жасалады. Мұны бүгін Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан кезде Мемлекет басшысы айтты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді» деді.  Президент Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының жалақысын 30 процентке ұлғайтуды тапсырды. 

Кімдерге және қашан рақымшылық жасалады? Келесі жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай азаматтар мен жалпы мемлекетке қауіп төндірмейтін қылмыспен сотталғандар амнистияға ілігеді.

Мұны Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Президент айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «полиция қызметкерлеріне жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі» деді. 

Мәселен, тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсатқа қосымша 10 миллиард теңге бағытталады. Мұның шарапатын жалпы 8 мыңдай адам көреді. Нақтырақ, кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері мен қылмыстық-атқару жүйесінің өкілдері үй жалдауға өтемақы алып тұрады. 3 жылдың ішінде полицейлердің еңбекақысы да өседі. 

Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19-дың кезіндегі полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті. «Полицейлерге сыйақы төленеді» деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев айтты: «Биыл Қордай ауданында және Сәтпаев қаласында болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет».  

Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін айтты. «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын негізге алу керек» деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келесі жылы учаскелік инспекторлардың құзыретін кеңейтіп, мәртебесін өсіретін заң қабылданады. Олардың материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуіне баса назар аудару керек. Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанамама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. 

Халықтың 38 проценті полицияға сенім артады екен. Былтыр жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бұл. 

Ал ТМД елдері арасында Қазақстан қауіпсіздік деңгейі бойынша бірінші орында. Ал «Global Peace Index» аталатын жаһандық бейбітшілік индексінде 163 мемлекеттің ішінде 70-орында тұрмыз. 

Өткен 9 айда елде жалпы қылмыс саны 37 процентке азайған. Зорлық 39, қарақшылық 52, тонау 50, бұзақылық деректері 45 процентке төмендепті. Бірақ арақ-шарап ішу көбейген. Салдарынан тұрмыстық кикілжің белең алыпты.  

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Карантин кезінде үйде отырып, алкогольді ішімдіктер ішу фактілері көбейді. Нәтижесінде тұрмыстық қылмыстардың саны өсті. Ішімдік салдарынан адам өлтіру 15 пайыз, жасөспірімдерге қатысты зорлау фактілері 19 пайызға артқан. Көп жағдайда жәбірленушіні жақын танысы немесе туысы зорлағаны анықталып отыр. Олар – әкесі, өгей әке, көршісі, немесе таныстары. 

Мемлекет басшысы жиында «құрылымдық өзгерістерді жалғастыра береміз» деді. Әйтпесе қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. 

Полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек. Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді. Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқу мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу күшейтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Полиция қызметінде дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмейді. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс. 

Президент полиция қызметін сандық жүйеге негіздеуге басымдық беріп келеді. Сол себепті Мемлекет басшысының Жарлығымен Ішкі істер министріне цифрландыру бойынша орынбасар тағайындалған еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қалаларға бейнебақылау камерасын орнату  әлі өзектілігін жойған жоқ. Әкімдіктер бұл мәселемен айналысуы керек. 

Президент «заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейтіп, түзету мекемелерінің жағдайын жақсарту керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек.

Президент мал ұрлығына қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырып еді. Себебі жалпы біздегі қылмыстың тең жартысын дәл осы ұрлық-қарлық алып жатыр.

Енді жазаны күшейтудің нәтижесінде ұрлық саны 52 процентке яғни екі есе азайған. Оның ішінде мал ұрлығы да біршама кеміген. Қ. Тоқаев «саланы реформалау жұмыстары жалғаса береді» деді. Себебі басты міндет ішкі істер органына халықтың сенімін арттыру!

Автор: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы