425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕАЭО елдерінде жұмыссыздық деңгейі артты

  • 199
  • UPD: 19:13, 01.11.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін бес елдегі жұмыссыздық жөнінде статистикалық мәліметті жариялады. Оған сәйкес, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтардың саны 3,8 есе өсіпті. Ал бөлек елдерге келетін болсақ, Ресей мен Қазақстанда жұмыссыздар саны артса, Беларусь, Қырғызстан мен Арменияда керісінше азайыпты. Коронавирус пандемиясы еңбек нарығына қалай әсер етті? 

2020 жылдың тамыз айында Еуразиялық экономикалық одақта өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 4 есеге артты. Ресейде бұл көрсеткіш бес есе өскен. Тамыз айының соңында елде 3 миллион 600 мың жұмыссыз тіркелсе, қыркүйекте олардың саны 5 миллионға таяп қалды. 

Сергей Глазьев, ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі:

- Экономикалық жағдай қалпына келе бастағанда, бұл көрсеткіштер төмендейтініне сенімдімін. Біз ортақ еңбек нарығын құрдық. Қазақстан бастамасымен «Шекарасыз жұмыс» деп аталатын ақпараттық жүйе іске қосылады. Әрине азаматтарымыз әлі емін еркін қатынай алмайды. Бірақ бұл шектеулер біртіндеп алына бастады. 

«Шекарасыз жұмыс» жүйесі Еуразиялық Одаққа мүше кез келген елде жұмысқа тұруға жол ашады. Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, бұл жоба жыл аяғына дейін іске қосылады. 

Гегам Варданян, ЕЭК ішкі нарықтар және ақпараттандыру жөніндегі министрі:

- Дерек қорлар бір жерде шоғырланбайды. Мәселен бір мамандық бойынша жұмыс іздеген адам барлық елдер бойынша ақпаратты қарай алады. 

Шекаралар жабылғаннан кейін  Мәскеуге келетін мигранттардың саны 40%-ке азайған. Қала мэрі қыс мезгілінде коммуналдық шаруашылықта жұмыс қолы жетіспеуі мүмкін екенін ескертті. Өйткені жергілікті тұрғындар жалақысы аз әрі ауыр жұмысқа мүлдем қызықпайды. 

Игорь Филькевич, Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық қауымдастығының басшысы:

- Өкінішке орай, жұмыссыздар саны артып келеді және бұл үрдіс коронавирус індеті аяқталғанша жалғасады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұндай жағдай 2021-жылдың қазан айына дейін сақталуы мүмкін. 

Ресей есеп палатасының мәліметінше, биыл екінші тоқсанында әлем бойынша 400 миллион жұмыс орны қысқарған. Сарапшылардың пікірінше пандемия әлі бірнеше жыл бойы еңбек нарығына кері әсер етеді.  

Авторлар: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы