422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР СІМ Польшада 16 жастағы қазақстандықтың өлтірілуіне қатысты мәлімдеме жасады

  • 218
  • UPD: 17:51, 06.11.2020
ҚР СІМ Польшада 16 жастағы қазақстандықтың өлтірілуіне қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның Варшавадағы елшілігі Польшадағы қазақстандық студенттің қайғылы қазасына қатысты тергеуді ерекше бақылауда ұстауда.

Бұл туралы ҚР СІМ мәлімдеді. Польшаның құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жергілікті полиция кісі өлтірген күдіктіні және оның жолдасын – осы елдің азаматын ұстаған.

«Біріншісіне кісі өлтірді деген айып тағылды, ал оның досы тергеуге кедергі келтірді және көмек көрсетпеді деп айыпталуда. Күдікті аңшы екені анықталды және қазақстандық студенттер тұрған жаққа оқ атқан. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде», – делінген мәліметте.

Ал Қазақстан тарапы Польша билігіне барынша мұқият тергеу жүргізуді және барлық кінәлілерді жазалау туралы өтініш білдірген.

Польшада 16 жастағы қазақстандық достарымен бірге алма теру үшін баққа барғанда оққа ұшқанын хабарлағанбыз.

Қазіргі уақытта дипломаттар құжаттарды рәсімдеп, марқұмның денесін отанына жіберу бойынша шаралар қабылдауда.

«Қайтыс болған студенттің туыстары мен жақындары олардың сезімдері мен жеке өміріне қол сұқпау құқығын құрметтеуді, осы трагедия төңірегінде дүрліктірмеуді сұрайды», – деп толықтырылған ресми мәлімдемеде.

Хабар 24 телеарнасы