423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 2,5 есе артқан

  • 225
  • UPD: 01:19, 14.11.2020

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қызу талқыға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 50-ден астам маман құжатты әзірлеуге атсалысып жатыр. Олардың арасында депутаттар, қоғам қайраткерлері мен заңгерлер бар. Бұл мәселе қазір Қазақстанда өзекті болып тұр. Себебі соңғы 3 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 2 жарым есе артқан көрінеді. 

Елордадағы «Қорғау Астана» қорының жанындағы баспана бірнеше жыл бұрын ашылды. Қазір мұнда 5 әйел балаларымен бірге тұрып жатыр. Кезінде олар күйеулерінен зорлық-зомбылық көріп, үйлерінен қашуға мәжбүр болды. Мамандар нәзік жандыларға үй тауып, жұмысқа орналасуға көмектесіп жатыр. Светлана бұл жерге 2 ай бұрын балаларымен келді. Жолдасының ұрып-соғуына шыдамаған ол амалсыздан осында келген.

Екінші балаға жүкті болған кезімде күйеуім ішіп, қол көтере бастады. Мен оны 2 рет кешірдім. Бірақ ол қайтадан мені ұра берді. Ал осы баспанаға келгелі өмірім реттеле бастады. Бұл жерде балаларыма қажетті көмек көрсетіледі. Бізбен психологтар сөйлеседі.

Елде зорлық-зомбылық көрсеткіші жыл сайын артып барады. Сондықтан заңға бірқатар өзгеріс енгізуге тура келді дейді мамандар. Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттарының тобы құжаттың жобасын әзірлеп қалың бұқараға таныстырды. Оған сәйкес отбасында әйелдері немесе балаларын ұрып-соққандарға тағылатын жаза күшейтіледі. Алайда әлеуметтік желілерде осы заңның жобасы бұрмаланып, жалған ақпарат тарап жатыр.

Анна Рыль, «Корғау Астана» қорының басшысы:

– Көбі зорлық-зомбылық туралы заң жобасын дұрыс түсінбей жатыр. Балаларды қорғау туралы заңмен шатастырады. Бұл құжат қоғам арасында талқыланбады деген де сөз бар. Кейбіреулері зорлық жасаған адамдар енді психиатриялық орталықтарға мәжбүрлі түрде жатқызылады немесе олардың балаларын тартып алады деген қауесеттер таратады. Шын мәнінде, мұндай нормалар жоқ, заң жобасы әлі күнге дейін жан-жақты талқылануда. Әр адам өз ұсыныстарын енгізуге құқылы.

Думан Сүлейменов, ҚР Әділет министрлігі департамент директорының орынбасары:

– Бұл заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Олар тәртіпке сәйкес жұмыс тобын құрды. Оған тек мемлекеттік органдар емес, қоғамдық ұйым өкілдері де кірді. Көпшілік қарсы болатын нормалар әрине заңға кірмейді. Талқылаудан кейін ғана заң қабылданады.

Мамандардың айтуынша, заң жобасы жақын арада күшіне енбейді. Алда әлі көптеген талқылау жоспарланып отыр. Бұл заң зорлық-зомбылыққа жол бермеуге қажетті барлық нормаларды қамтиды деген сенім бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы