422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нумизмат деген кім?

  • 202
  • UPD: 09:34, 16.11.2020

Желтоқсан айында Ұлттық банк «Жеті қазына» деген атаумен тиындар топтамасын айналымға шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге 100 теңгелік тиынның 3 жарым миллион данасын дайындау жоспарланған. Оларды қазақстандықтар төлем құралы ретінде қолдана береді. Сондай-ақ нумизматтарға арналған коллекциялық үлгі де бар.

 «Жеті қазына» топтамасының айналымға шығуын асыға күтіп жүргендердің бірі – Валихан Бахретдинов. Оның нумизматикаға әуестігі 10 жыл бұрын, 13 жасында басталыпты. Жеке топтамасындағы алғашқы жәдігер – әл-Фараби бейнеленген 1999 жылғы 500 теңгелік купюра. Соңғысы – Конституцияның 25 жылдығына арналған коллекциялық тиын. Бұдан бөлек, жас нумизмат мерейлі даталарға орай шығарылған ақшаларды да жинайды.  

Валихан Бахретдинов, нумизмат:

- Менің коллекциямдағы маңыздысы – Қазақстан төл теңгесінің 20 жылдығына арналған банкнота. Бұл әл-Фараби мен Қазақстанның ең бірінші теңгесі. 2013 жылы шыққан. 500-ақ данасы бар, соның біреуі көз алдарыңызда.

Валихан жеке топтамасындағы тиын мен банкноттардың кейбіріне тегін қол жеткізсе, енді бірін сатып алған. Мәселен, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған тиынның бағасы 6 жыл бұрын 100 мың теңге болыпты. Рас, жыл өткен сайын бұл бағаның өсетіні анық. Алайда нумизмат топтамамды сатпаймын дейді.

Валихан Бахретдинов, нумизмат:

- 2001 жылы шыққан керемет монета. Таралымы – 1000-ақ дана. 1000 дананың ішіндегі біреуі – осы. Әрине, бұл – мемлекетіміздің тарихы. Өте маңызды парақтарының бірі. Сондықтан сату ойымда жоқ. Тек өзім үшін жинап, сақтап жүрген құнды, бағалы заттар.

Жеке топтамасының есебінен болашақта пайда табуды көздейтін нумизматтар да бар. Олар негізінен инвестициялық тиындарға әуес келеді.

Еліміздегі мұндай алғашқы тиындар 1996 жылы «Жібек жолы» деген атаумен айналымға шықты. Ал 2009 жылы нарықта алтын және күміс барыс пайда болды. Биылдан бастап ондағы жазулар латын графикасымен таңбаланады.  

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл тиындар ұзақ мерзімді инвестицияға арналған. Егер алтынның бағасы көтерілсе, Ұлттық банкке келіп өз тиыныңызды өткізе аласыз. Металдың салмағына орай ақшаңызды аласыз. Атап өтетін жайт, инвестициялық тиынды жасауда таза алтын қолданылады. Бұл тиындар үшін қосымша құн салығын төлеудің қажеті жоқ. Оның үстіне бұл легитимді өнім, яғни шекара асқанда ешқандай кедендік баж салығын төлемейсіз.

Елімізде алдағы уақытта Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және ғарыш тақырыптарына арналған коллекциялық тиындар топтамасы шығарылады. Соңғысын шетелдік нумизматтар жоғары бағалайтын көрінеді. Жалпы, Қазақстанның теңге сарайы әлемдегі үздік кәсіпорындардың санатында екен. Мәселен, табиғатта сирек кездесетін тантал металынан жасалған тиындар бізде ғана өндіріледі.

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің басқарма басшысы:

- Біздің коллекциялық тиындар халықаралық байқауларда 23 номинацияға ие болды. Олардың арасында үлкен жеңістер де бар. Мәселен, «Жолбарыс» тиыны 2010 жылы Канберрада екі бірдей номинацияға ие болды. Олар: «әлемнің ең әдемі тиыны» және «әлемдегі технологиясы ең күрделі тиын». Дауыс беру құқығы тек сарай директорларында бар. Біз 50 дауыстың 48-ін алдық.

Айжан Машеева, ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы:

- Егер статистикаға қарасақ, шығарылған коллекциялық, инвестициялық тиындардың 98-100 проценті сатылған. Бұл Қазақстанда аталған тиындарға деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Тираж 1 мың мен 3 мыңның аралығында. Соңғысы 3 мың данамен шығарылды. Олардың барлығы дерлігі айналдырған 2-3 күннің ішінде сатылып кетті.

Бағасы айтарлықтай қымбат емес нейзильбер тиынның 100 мың данасы да бірнеше күннің ішінде өтіп кеткен. 2018 жылдан бастап шығарылатын мельхиор металына да сұраныс жоғары көрінеді. Осыған байланысты Ұлттық банк болашақта коллекциялық және инвестициялық тиындардың тиражын ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Хабар 24 телеарнасы