423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екінші тоқсанда елімізде елу бес оқушыға коронавирус жұқты

  • 181
  • UPD: 21:03, 17.11.2020

Екінші тоқсан басталғалы 55 оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Оқу жылының алғашқы тоқсанында Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұтас мектептер карантинге жабылған еді. Кеше елордадағы бір мектеп офлайн оқытуын тоқтатты. Індет қайта өршіген тұста еліміздегі білім беру қалай ұйымдастырылады? 

Коронавирус жұқтырған оқушылардың 14-і мектептің кезекші сыныбына барып жүрген. Ал қалғандары қашықтан сабақ алған балақайлар екен. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова атап өткендей, балалардың дертке шалдығу дерегі күнде тіркеледі. Сондықтан құзырлы ведомство жағдайды бақылау үшін күнбе-күн мониторинг жүргізеді. 

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

- Эпидемологияға қарсы шаралар науқастармен байланыста болғандардың санына есептеп, эпидемиологиялық ахуалды зерттей келе қолданылады. Осыған қарап, тұтас мектепті әлде бір ғана сыныпты жабу туралы шешім қабылданады. Карантин енгізілген кезде кем дегенде бір инкубациялық мерзім, яғни 14 күнге жабылады. Оның өзінде екі апта ішінде дерттің жаңа дерегі анықталмауы тиіс.

Эпидемиологиялық ахуалға қарай аймақтардың қызыл, сары және жасыл түске өтуі халық арасында түсінбеушілік туғызды. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуынша, ПТР тест жүргізетін зертхананың бәрі ортақ жүйеге қосылмаған. Сондықтан коронавирустың анықталу дерегін дер кезінде хабарлау мүмкін болмай тұр.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

- Мұндай мәлімет толық есепке алынбаған жағдайлар болды. Сонымен қатар әрбір оң нәтиже бойынша шұғыл хабарландыру жасалғаны белгілі. Бұны мониторинг жасау мақсатымен аймақтарға шыққан кезде байқадық.

Екінші тоқсаннан бастап бала саны 300-ге дейін жететін мектептерде оқушылар партаға қайта оралды. Мұндай оқу орны саны 3,5 мыңнан асады екен. Әзірге кезекші сыныптарда коронавирустың анықталу көрсеткіші төмен. Дегенмен, өңірлердегі ахуалға байланысты сабақ кез келген уақытта онлайн режимге өтуі мүмкін. Оқыту форматы қашан, қай өңірде ауысатыны беймәлім. Белгілісі, биыл оқушылар жаңа жылдық шырша мерекесін мектепте тойламайды.

Автор: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы