429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Nur Otan» сайлауалды бағдарламасы: қазақстандықтарды не күтіп тұр?

  • 671
  • UPD: 21:51, 25.11.2020

Бүгін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы бекітілді.

Бағдарлама 4 бағытты қамтыған. Ойға алғанды орындау үшін 21 трлн теңге қарастырылады. Бұдан бөлек, партияның съезінде сайлауға қатысатын үмітеркерлердің есімдері аталды. 126 кандидат алдағы науқанда бақ сынамақ.

Сайлау – атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы жоспарды айқындайтын науқан. «Nur Otan» бес жылдың ішінде берген уәделерінің басым бөлігін орындады. Мұны Елбасы бюро отырысында атап өткен болатын. Съезге 400 делагат қатысты. Қатысушылар бейнеконференция арқылы байланысқа шықты.

216 бағдарлама. «Nur Otan-ның» бетке ұстар құжаттарының бірі осы. 216 сайлауалды бағдарламаның ерекшелігі сол, мұнда облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Өңірлік бағдарламаларда барлығы 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді.

Партияның сайлауалды бағдарламасы 4 тараудан тұрады. Баршаға тең мүмкіндік беру, зияткер, дені сау және ұқыпты ұлт қалыптастыру, тұрақты экономика, есеп беретін мемлекет пен жауапты азаматтар деп тарау-тарауға бөлінген бағдарламаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. 

Қазір бүкіл әлем жаһандық өзгерістердің табалдырығында тұр. Сенім дағдарысы анық аңғарылады. Соңғы 100 жылдағы рецессия дүниежүзілік экономиканың дамуын ондағы жылдарға кейінге шегерді. Бұрынғы қарқынды қалпына келтіру үшін орасан күш пен уақыт керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл – біраз елдің басындағы жағдай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан бұл қиындықты да еңсереді. Бізде елдің еңсесін тіктей алатындай қаржы қоры бар. Мемлекетті дамытудың арнайы жоспары әзірленген. Миллиондаған тұрғынның көмегімен партия ішіндегі тұрақтылықты сақтап қалдық. Соның арқасында бизнес өкілдеріне қолдау көрсеттік. Билік тарапынан берілген уәделерді орындадық.

Әр дағдарыстың соңынан мүмкіндік ере келеді. Мемлекет басшысы қоғамның пандемия кезінде жұдырықтай жұмылғанын атап өтті. «Біз біргеміз» дейтін ұран қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Індет өршіген тұста біз бірге болдық. Жұрт болып жұмыла білдік. Партия және оның белсенді мүшелері желді ұйыстыруға көп күш жұмсады. «Nur Otan» партиясы – жетекші саяси ұйым екенін тағы бір дәлелдеді. Нақты істердің партиясы екенін көрсетті.

«Nur Otan-ның» тұңғыш республикалық праймеризі үш ай бойы өтті. Үш ай бойы 10 мыңнан астам адам саяси додада бағын сынады. Нәтижесінде партиялық тізімге енгендердің үштен бір бөлігі – әйелдер, кандидаттардың 12-сі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл қатарда көпбалалы аналар, кәсіпкерелер, экономистер мен заңгерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Осылайша праймериз мәреге жетті, міндетін толық орындады. Праймериздің міндетін әу баста Елбасы айқындап берген. Белсенді, сауатты және патриот мүшелерді іріктеу кезінде партияның жүйелі жаңаруға дайын екені аңғарылды.

Бізге мемлекет дамуының жаңа парадигмасын ұсыну қажет деді Президент. Бұл биліктің барлық тармағының күш біріктіруін қажет еді. Әсіресе алдағы сайлаудың тұтас қоғам үшін маңызы зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Бес институционалдық реформа – Ұлт жоспарын» жүйелі түрде жүзеге асыру керек. Сол мақсатта «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын әзірледік. Алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспары осы құжатта толық жазылған.

2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарлама – әбден пысықталған, сүзгіден өткен құжат. Қазіргі экономикалық қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» Үкіметпен тізе қоса отырып, құжаттағы мақсат-міндеттерді орындау үшін 21 триллион теңге қарастырмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бiз әлеуметтік, экономикалық саясатта нарық тәсiлдерiн басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негiзсiз сонғы таратуды доғару қажет. Мемлекет әлеуметтiк көмектi шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы әлеуметтік әдiлдiк, сол себептi мұқтаж адамдарға қамқорлық жасауға басты мән беремiз.

Зияткер, дені сау ұлт қалыптастыру. Сайлауалды бағдарламадағы екінші бағыт осы. Алдағы уақытта білім мен ғылымға, денсаулық сақтау саласына, мәдениет пен спортқа бөлінетін қаржы ұлғаяды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5 процентінен кем болмайды. Қос қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматыда 2 ғылыми-инновациялық клиника салынады. Ал өңірлерде 20 заманауи медицина орталықтары бой көтереді. Елді мекендердегі аурухана-емханалар қажетті қондырғылармен жабдықталады. 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге өседі. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың да айлығы көбейеді. Ауылдық округтарда спорт жөніндегі нұсқаушы қызметі пайда болады. Себебі сайлауалды бағдарламада бұқаралық спортты жан-жақты дамытуға ден қойылып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүкiл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады, соның арқасында бiз апатты мектептердiң мәселесiн толық шешемiз. Барлық мектептер интернетпен, компьютермен және пәндi кабинеттермен қамтамасыз етіледі.

Педагог мамандарға сұранысты арттырып, білім сапасын жақсарту мақсатында олардың жалақысы 2 есе көбейеді деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал 2025 жылға қарай білім гранттарының саны 50 процентке артады. Осылайша 75 мың адам жоғары білімді тегін алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз студенттерге материалдық қолдау көрсету ісін жалғастырамыз. Студенттердің стипендиясы 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге көбейеді. 2025 жылга қарай колледждер мен университеттер жатақханалардың орындар саны кем дегенде 50 мыңға артады.

Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған мемлекеттер тобына қосылу мақсаты тұр. Осы орайда Президент- кәсіпкерлерге келтірілген кез келген кедергі – ауыр қылмыс ретінде қарастырылады деді. Бұдан елге тікелей жылына тартылатын инвестицияны 30 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Ауылдық жерлерді дамыту да – басты назарда болады. 246 елді мекенге газ тартылады. 27 мың шақырым жол жөнделеді. Алдағы бес жылда 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Партияның елді дамытуға арналған жоспары – осыған дейін Елбасы ұсынған бағдарламаларда және менің халыққа жолдауымда көрініс тапты. Біз партияның негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған барлық жоспарын орындаймыз. Соған күш салуымыз керек.

Партия атымен байланысты бірнеше жоба бар. Сол жобалар жемісті. Бес жылда «Nur Otan» 1 млн 200 мыңнан астам адам жүгінген. Олардың 30 проценті өтінішті онлайн жолдаған. Осылайша, әсіресе пандемия кезінде «Электронды партия» жобасының пайдасы мол болып тұр. Ал «Ардагерлерді ардақтайық» аясында шамамен  200 мың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер шешілсе, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 40 мың азамат жұмысқа тұрды. Әсіресе жастар белсенді. Елбасы мұны жеке атап өтті.

Сайлауалды бағдарлама әбден пысықталды. Арнайы жұмыс тобы екі ай бойы Үкіметпен тізе қосып, қазіргі жаһандық жағдайды ескеріп, ескі тәжірибені қаперге алып, қоғамның өзекті мәселелерін назарда ұстай отырып, бағдарлама жан-жақты зерделеді. Құжаттың мазмұнды шыққанын праймеризден үздік шыққан кандидат Берік Әбдіғалиұлы да атап өтті.

Берік Әбдіғалиұлы, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі:

– Ауылдың тұрғыны ретінде мені бағдарламадағы «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені Ауыл - ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз - ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін - газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағдарламада нақты қарастырылған.

Ал тоғыз баланың анасы Әлия Әпсеметова да праймеризге қатысқан. Үш ай бойы өзі тұратын аудандағы 24 ауылдық округті аралап, тұрғындармен кездескен. Партияның бағдарламасын түсіндірген, тұрғындардың аманатын тыңдаған.

Әлия Әпсеметова, журналист, көп балалы ана:

– Бағдарламадағы «әйелдердің басшылық орындардағы үлесі 30 пайызға жетеді» деген мақсаттың орындалатына толық сенемін. Сөзіне қашанда ісі сай «Nur Otan» партиясы үшін қазақстандық әйелдердің қоғамдағы ролі күшейгені өте маңызды.

«Алтын домбыраның» екі мәрте иегері, белгілі ақын Мұхтар Ниязов праймеризді айтысқа ұқсатамын деп сөз саптады. Ел аумағында өткен айтыс-дебаттарды дүйім жұрт тамашалады. Пікірталастар ашық және әділ өтті деді.

Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын:

– Рас, алдағы бес жылдың жүгі ауыр. Бір қазан сүттің бір қасық ұйытқысы болады. «Nur Otan» бос сөзге емес, іс тындыруға ұмтылатын партия! Әрдайым жабырқағанның жанынан табылып, жәрдем беріп келеді. Сондықтан елдің тыныштығы мен берекесін ойлаған азаматтар Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын, партияның бағытын қолдайды.

Алға қойған міндетті орындау – саяси мақсат емес. Жарқын болашақтың қамы. Елбасы съезі осылай қорытындылады.

Авторы: Дархан Әбдуахит

Хабар 24 телеарнасы