424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев: Мемлекет қолдауымен отандық бизнестің жаңа легі қалыптасты

  • 547
  • UPD: 16:26, 11.12.2020

Бүгін елордада дәстүрлі «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үздік өнім өндірушілерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Өндіріс, қызмет көрсету, халық кеңінен тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өндіруші сынды төрт аталым бойынша үздіктер анықталды. Биыл бұл сыйлықты иеленуге 129 компания өтінім берген.

«Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан отандық бизнестің жаңа легі ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Азаматтарымыз заман талабына сай жаңа кәсіп түрлерін игеруде», - деді Президент. Мұның бәрі ел әлеуетін арттырып, бәсекелестікті күшейтеді. Пандемия және әлемдік дағдарыс кезінде өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетті. Сала жұмысы 3,3%-ке дамыды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беруі тиіс. Индустрияландыру аясында 200-ден астам кәсіпорын ашу көзделген. Сөйтіп, 20 мың жұмыс орны құрылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет қолдауымен отандық бизнестің жаңа легі қалыптасты. Олар экономаканың тірегіне, басты қозғаушы күшіне айналды. Индустрияландыру кезеңінде елімізде 1300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады.

Ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Президент тапсырмасымен сала өкілдерін тексеруге 3 жылдық мораторий жарияланған. Заңнама жетілдіріліп, квазимемлекеттік компаниялардың құрылуына уақытша шектеу қойылды. Мемлекет басшысы отандық кәсіпорындарды шетел нарықтарына шығуға шақырды. «Алтын сапа» жеңімпаздарына енді мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. «Бұл байқауға қатысушыларды ынталандырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Алтын сапа» конкурсына қатысқан баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің өнімдеріңіз елімізде ғана емес, әлемдік нарықта да зор сұранысқа ие болады деп сенемін. Биыл үздік индустриялық жоба номинациясы бойынша Алматы қаласындағы «Келет» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанып отыр. Ал үздік инновациялық жоба номинациясы KSP STEEL ЖШС Павлодар филиалына беріледі. Менің атымнан Премьер-министр тапсырады. Барлық лауреаттарды құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Асхат Өксікбаев, «Алтын сапа» президенттік сыйлығының иегері:

- Бұны мен аванс деп ойлаймын. Еліміздің дамуына үлес қосамыз. Биыл қиын жыл болды. Дегенмен, аман-есен өттік. Жұмыс орындарын сақтап қалдық. Келе жатқан жыл жақсылып әкелсін.

Сабыржан Исаков, «Алтын сапа» президенттік сыйлығының иегері:

- Сапа жағынан Ресей, Түркия жиһаздарымен бәсекелесе аламыз. Келешекте жоспарларымыз бар. Брендтік өнімдер шығару.

Хабар 24 телеарнасы