Климаттың өзгеруіне ұлттық бейімделуді күшейту мәселесімен бетпе-бет келдік – Тоқаев
2060 жылға қарай Қазақстан көміртек тұрғысынан бейтарап мемлекетке айналады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж келісімі қабылдануының 5 жылдығына арналған Климаттық амбициялар жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Қазақстан Президентімен қатар виртуалды саммитке 75 мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бейнеүндеуінде еліміздің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі тәсілдерін баяндап, Париж келісіміндегі мақсаттар мен міндеттерге берік екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі 5 жылда біз 2 млрд түп ағаш отырғызамыз. Климаттың өзгеруі салдарынан туындаған көміртегінің жоғалуы мен құрғақшылықтың алдын аламыз. Ұлттық бейімделу жұмысын күшейту мәселесімен бетпе-бет келдік. Осы мақсатта біз аймақтық және секторлық деңгейлерде жоспарлау саясатын жүзеге асыру үшін Экологиялық кодексті климаттың өзгеруіне сай бейімдеп жатырмыз.