418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Төртінші онжылдыққа нақты іс, жаңа жобалармен қадам басуымыз керек – Президент

  • 288
  • UPD: 20:10, 15.12.2020

Келер жыл еліміз үшін ең маңызды кезең. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы.

Төртінші онжылдыққа нақты іс, жаңа жобалармен қадам басуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген сөзінен түйген ой осы. Президент «даңғазалыққа жол берілмейді. Түрлі акциялар мен көңіл көтеру шаралары да өтпейді. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі», деді.

Жаһанды жайлаған пандемия ең алдымен медицина саласын бүйірден қысты. Мемлекет стратегиялық саланы толық жаңғырту жұмысын бастады. Президентке де аса маңызды шешімдер қабылдауға тура келді. Солардың бірі – Денсаулық сақтау саласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл біз 4 миллион азаматтың зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақысын көбейттік. Әлеуметтік сақтандыру төлемдері орташа есеппен 50%-ке ұлғайтылды. Аз қамтылған отбасындағы 500 мыңнан астам балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгіздік. Пандемия салдарынан зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету үшін өңір бойынша теңдессіз қадамға бардық. Оларға 42500 теңге көлемінде өтемақы төленді. 4,5 миллион адам қаржылай көмекке ие болды. Кредит бойынша да жеңілдіктер жасалып, ұлттық экономикада дефолтқа жол бермедік.

Мемлекет үшін басты мәселе – халық арасындағы алаңды азайту. Жаз айларында инфекция өршіген кезде бұқара базынасы аз болмады. Билік солардан қорытынды шығарып, олқы тұстарын түзеді. Президенттің айтуынша, пандемия елімізді кез келген қиындыққа төтеп беруге бейімдеп, жол табуға итермеледі.

Бекжан Садықов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің қызметкері:

- Тұрғындардың төлем қабілетін қолдау үшін жасалған 42500 теңге көлеміндегі қаржы дағдарыс жағдайында халыққа қолдау көрсету үшін мемлекет қабылдаған маңызды шаралардың бірі болды. Бұл қазақстандықтарды қажетті азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін жасалды. Сондай-ақ мұндай төлемдер жұмыссыздарды қолдау тетігі ретінде қарастырылуы тиіс.

Аталған қиындықтарға қарамастан, биыл ел қамбасы астыққа толды. Негізгі астық өндіруші өңірлер 20 млн тонна бидайды қамбаға құйды. Жаңа жолдар салынды, тұрғын үйлер бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, тіршілік тоқтамады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл диқандар 20 млн тонна бидай жинады. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелге экспорттауға да жетеді. Сондай-ақ 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 2600 шақырым тасжол пайдалануға берілді. Еліміздің 10 млн тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Цифрландыру аясында жүздеген ауыл интернетке қосылды.

Қиын кезеңде «Бизнестің жол картасы» әл-ауқатты төмендетпеуге көмектесті. 6500 жобаға 1 трлн теңге жұмсалды. Келер жылы тағы 400 млрд бөлінеді. Сондай-ақ гуманитарлық сала еңбеккерлерінің жалақысы өсті. 2025 жылға дейін білім және ғылым саласын дамыту бағдарламасы әзірленді. Бұл да кейінгі кезде қайта жаңғырған салалардың бірі. Себебі, ілім мен ғылым дамыған мемлекеттің келешегі де кемел. Дағдарыс кезінде күштік құрылымдардың тиімді жұмысы маңызды мәнге ие болды. Сала жұмысын дамыту үшін 18 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары мен әскери салада әлеуметтік төлемдер 30%-ке көбейтіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы көлемі 1,5 триллион теңге осы сала жұмысын қолдауға бағытталды. Соның арқасында өнім өндірісін 8 триллион теңге көлемінде сақтауға мүмкіндік туды. 200 мың адамдық жұмыс орны құрылды. Отандық компаниялар 500 млрд теңгенің тапсырысын алды. 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35%-ке жетуі тиіс.

Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог лайықты жалғасын тапты. Ұлттық кеңесте білім беру, денсаулық сақтау мәселелері, саяси жаңғырудың негізгі жолдары талқыланды. Саяси реформалардың алғашқы пакеті жүзеге асты. Бейбіт жиындар өткізу жөніндегі арнайы заң қабылданды. Саяси партия, сайлау, Парламент және депутаттар мәртебесі жөніндегі құжаттарға өзгеріс енгізілді. Ұлттық кеңестің бастамасымен 9 заң қабылданды. Тағы 7 заң жобасы әзірлік үстінде.

Максим Споткай, ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Саяси реформа елде келер жылы да жалғасады. Оны Президент қаңтар айында жариялайтынын айтты. «Алдымызда үлкен мақсаттар мен сан түрлі белес тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келер жыл да еліміз үшін елеулі кезең болмақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын нақты істермен, жаңа жобалармен өткіземіз. Даңғазалықтан бас тартып, түрлі акция, шараларды тоқтатамыз. Жұмыс жүйелілік табатын болады.

Өткен отыз жылға жуық уақыт – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан келер жыл «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияланды. Мемлекет шешімін жариялай келе, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен әрбір онжылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші онжылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші онжылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші онжылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Қасиетті Отанымыздың мерейі әрдайым үстем болсын! Баршаңызға толағай табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы бола берсін!

Президент қолға алған тағы бір реформа кейінгі буын өкілдерін мемлекеттік қызметке дайындау. Бұл жоба биыл өз нәтижесін берді. Президенттік кадрлық резервтегі 300 жастың жартысы қазірдің өзінде қызметке тағайындалды. «Алда бұл тізім тағы толыға түседі», - деді Мемлекет басшысы.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТКК

Хабар 24 телеарнасы