425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Головкин Шереметаны техникалық нокаутпен жеңді

  • 698
  • UPD: 11:27, 19.12.2020

Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин Польша боксшысы Камил Шереметаны 7-раундта жеңді.

Көптен күткен шайқас АҚШ-тың Флорида штатындағы Холливуд қаласында жаңа ғана аяқталды.

Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин кәсіпқой рингтегі 41-жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Prosports.kz. 

Головкин Холливудта (Флорида штаты, АҚШ) өткен бокс кешінде поляк Камил Шереметамен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде Головкин өзіне тиесілі титулдарын қорғады. 

Головкин алғашқы раундтан бастап басымдық танытты. Бірінші раундтың соңына қарай ол польшалық боксшыны нокдаунға түсірді. Екінші раундта да Шеремета бір рет құлады. Төртінші раундта поляк тағы да ауыр соққы алып, төреші есеп ашты. Бірақ Шеремета кездесуді жалғастыра берді. 

Жекпе-жек 7 раундта аяқталды. Головкин қарсыласына ауыр соққы жасаған соң Шеремета 7-раундта нокдаунға түсті. Артынша кездесуді жалғастырудан бас тартты - техникалық нокаут. 

Осылайша Головкин 41-жеңісіне қол жеткізді, оның 36-сын нокаутпен тәмамдап отыр. Еншісінде бір тең есеп пен бір жеңіліс бар. 

Қазақстандық боксшы бұл жекпе-жектен кейін орта салмақта титул қорғау бойынша рекордын орнатты. Бұған дейін америкалық Бернард Хопкинс әлем чемпионы титулын 20 рет қорғап, рекорд қойған еді. Ал Головкин бүгін титулдарын 21-рет қорғап қалды. 

Польшалық боксшы болса, карьерасында алғаш рет қарсыласына жол берді. Бұған дейін Шеремета 21 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. Бес рет нокаутпен жеңгені туралы ақпарат бар.

Хабар 24 телеарнасы