421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев: Халқымыз бейбіт өмір сүруді қалайды

  • 368
  • UPD: 20:56, 18.12.2020

Халқымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, дос болып қалуды қалайды.

Біздің міндетіміз – ел арасында сына қағылуына жол бермей, ынтымақтастықты арттыру. ТМД мемлекеттері басшыларының кезекті кеңесіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақстан Президенті нені меңзегені түсінікті. Өйткені соңғы уақытта іргедегі елдің кейбір шенділері Қазақстан жөнінде қисынсыз пікір айтып қалып жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев соларға жауап қатқандай болды.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бұл жиын Ташкентте өтуі керек еді. Бірақ коронавирус жоспарды өзгертті. Тоғыз елдің басшысы бетпе-бет кездесе алмады. Қашықтан сөйлесуге тура келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады.

Бір айдан кейін елімізде екпе егу басталады. Оған қалаған адам қатысады. Алдымен дәрігерлерге, мұғалімдер мен тәртіп сақшыларына салынады. Кейін егде жастағыларға егіледі. Айта кетерлігі, бұл індет алыс-берісті азайтқаны белгілі. Енді соны жандандыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі жағдайда біздің негізгі басымдығымыз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-экономикалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырықтандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Инвестиция тартуға, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға баса мән беру керек.

Саудаға жан бітірмесе, көп елдің салы суға кеткелі тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев: «бұл дағдарыспен күресу оңай болмайды» деді. Бірақ бірлесе білсек, сыннан сүрінбей өтеміз. «Қалауын тапса, қар да жанады» деуші еді қазақ. Әне, талай уақыттан бері таласып келген көршілер де бір мәмілеге келіп жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның бірлесе күш салуымен, Владимир Путиннің белсенді араағайындығымен Таулы Карабахтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім жайында тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп үміттенемін.

Қазір қиын кезең. Ашуға булығып отырғандар көп. Мұндайда жұрттың өре түрегеліп, қақтығыс орнауы әбден мүмкін. Көрші елдердің кейбір шенділері де көкіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев соларға жауап қатқандай болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Карабахтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сызат түсірмей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стартегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек.

Президенттің нені меңзегені түсінікті. Берік деп жүрген байланыстың қандай қиындыққа шыдас беретінін сынайтын кезең сияқты қазір. Мұндайда мүдделес елдердің райынан тайқып кетпеуі маңызды. Қазақстан Президентінің ойы тату тұрған елдердің түлеуі де жеңіл, түрленуі де тез дегенге саяды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің ұйымның негізін қалаушылар күш жұмылдыра отырып, посткеңестік кеңістікті тарихымыздағы қарама-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантөгістен аман сақтап қала алды. Достастықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алатынымызға сенемін.

Кеңеске қатысқан өзге елдің басшылары да достық байланыстың бәз қалпынша қалғанын қалайды. Олар «арадан қыл өтпестей болған қарым-қатынасқа сызат түсіруге болмайды» дейді. Жиын соңында тараптар біреше құжатқа қол қойды. Олар экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Болат Абдулин

Хабар 24 телеарнасы