418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін қалай алуға болады?

  • 573
  • UPD: 14:27, 24.12.2020

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан қаражатты жақын туысына баспана алуға не ипотекалық төлемін өтеп беруге де жұмсауға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азаматтарға банк жағалап, сабылудың қажеті жоқ. Барлық қызметті онлайн алуға да болады.

5 қаңтардан бастап зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын алуға арналған онлайн-платформа іске қосылады. Бұған дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» аталып келген, ал қазір «Отбасы банкіне» айналған қаржы институты осы істі жүзеге асырады. «Хабар 24» телеарнасындағы «Ошақбаев LIVE» жобасына сұхбат берген Ләззат Ибрагимова қаржыға қол жеткізу жолдарын түсіндірді. Сонымен банк басшының айтуынша, азаматтар ең әуелі қордағы шекті сомадан асқан қаржы көлемін білуі керек. Кейін онлайн-платформаға электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеледі. Сол жерде тиісті өтінішін қалдырады. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында қолжетімді қаражаты жайлы ақпарат ала алады. Егер жинақ шекті мөлшерден асса, «Отбасы банкінен» арнайы жаңа есепшот ашуға міндетті. Сосын құжаттар 45 жұмыс күні ішінде сараланып, тиісті шешім қабылданады. Осы тұста айта кетейік, бұл қаржы азаматтың төленбеген несиесі немесе алимент төлеу сияқты өзге де берешектерін өтеуге берілмейді.

Зейнетақы қорындағы қаржыға қалай қол жеткізуге болады?

– ЭЦҚ арқылы онлайн-платформаға тіркеледі

– БЖЗҚ сайтында қолжетімді қаражат жайлы ақпарат алады

– «Отбасы банкінде» арнайы жаңа есепшот ашады

– 45 жұмыс күні ішінде құжаттар сараланып, тиісті шешім қабылданады.

Ләззат Ибрагимова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы:

– Жеті бірдей мақсат болады. Алғашқысы – әрине тұрғын үй алу. Жаңа немесе екінші нарықтағы баспана болсын, айырмашылық жоқ. Пәтерді алмастыру жөніндегі келісімшарт та ұсынуға болады. Егер сізде 2 бөлмелі үй болып, оны 3 бөлмеліге ауыстырғыңыз келсе, бұл да қаржыны мақсатты қолдануға жатады. Ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге келсек, оған да жағдай жасалады. Немесе үйді жекешелендіру. Бұл жайтты да ескеріп отырмыз. 

Мамандардың айтуынша, жеке секторда баспана салуға да қаржы беріледі. Сондай-ақ салымшы өз жинағын жұбайы, ата-анасы не туғандарының баспана жағдайын жақсартуға, емге және қаржы институттарына басқаруға беруге болады. Тұрғын үй мәселесі бойынша бір ғана шектеу болуы мүмкін: ол осы қаржыға алынған үйді 5 жыл ішінде қайта сатуға болмайды. Жалпы сарапшылар қордағы шекті мөлшерден асқан қаржыны алушылардың кемі 95 проценті оны баспана мәселесін жақсарту мақсатына алады деп болжап отыр. Қазір жас ерекшелігіне сай, тиісті мөлшерде қаржы жинаған 700 мың қазақстандық бар.

Айта кетейік, құжат қос палаталы органда қолдау тапты. Енді Президенттің қол қоюынан кейін күшіне енеді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы