427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БЖЗҚ қаржының бір бөлігі зейнеткерлерге беріле ме?

  • 652
  • UPD: 23:18, 28.12.2020

Елде зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне 1 миллионға жуық қазақстандық қол жеткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа тізім осындай. Бұған дейін айтылған 700 мың қазақстандыққа тағы басқа да санаттағы адамдар қосылды. Бүгін мамандар Президент тапсырмасымен жүзеге асатын бастаманың жай-жапсарын түсіндірді.

Елде зейнетке шыққан адамдар да шекті сомадан асқан қаржыға қол жеткізе алады. Мұндай азаматтар саны ел бойынша 170 мыңдай. Сөйтіп, шамамен 1 миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігіне ие болады.

Ақмади Cарбасов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

– Қаңтар айында бастаманы жүзеге асыруға арналған нормативтік құжаттар бекітіледі. Сөйтіп, механизмді толық іске қосатын боламыз. Жалпы аталған үш бағыт бойынша елдегі 1 миллионға жуық адам зейнетақы қорындағы жинақтарын пайдалана алады.

«Отбасы банк» бірыңғай оператор қызметін атқарады. Зейнетақы қорының салымшылары ең алдымен өз жинағы туралы мәліметті білуі керек. Мұндай ақпарат қазірдің өзінде қолжетімді. Электронды үкімет порталы немесе мобильді қосымшалар арқылы білуге болады. Жалпы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы бастама аясында 2,4 трлн теңге болатын қаржыны тұрғын үй алу, емделу және капиталды басқару компанияларына беруді жоспарлап отыр.

Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

– Пәтер алғанда екінші нарықтан алуға болады. Екінші сұраққа келгенде, туыстарына өтініш жазып, олардың жинақтарын алуға рұқсат болады. Сосын құжаттарды жіберу керек. Біз оны тексереміз.

Өтінішті арнайы онлайн платформада электронды негізде қалдыруға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Отбасы банкінде арнайы жаңа есепшот ашылады. Ресми ресурста қаржыны қолдану мақсаты таңдалып, тиісті құжаттар жүктеледі. 45 күннің ішінде салымшыға жауап келеді.

Гүлнар Сәрсенбаева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:

– Сирек кездесетін аурулардан емделу, диагностикалық тексеруден өту, стоматологиялық емге де қаржыңызды ала аласыз. Пластикалық операцияға да жинақты қолдануға болады. Онкологиялық аурудан емделу керек болса, онда да арнайы терапияларға қаржы бөлінеді.

Қаржыны білім алу мақсатында қолдану әзірге қаралып жатқан жоқ. Ал үйді жөндеу үшін қаржы берілуі мүмкін. Бірақ баспана жаңа болуы қажет. Бұл мәселе әлі қаралады деді жауапты мекеме өкілдері. Еске салайық, жинақтың бір бөлігін алғанда бюджетке табыс салығы төленуге тиіс. 

Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы