419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2020 жылдағы табиғи апаттар

  • 285
  • UPD: 12:50, 30.12.2020

2020 жылы табиғи апаттардан келген материалдық шығын 150 миллиард долларға жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Кристиан Эйд» қайырымдылық ұйымының есебі осындай. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бірақ белсенділердің айтуынша, сома тек сақтандырылған мүлік бойынша есептелген. Яғни шын мәнінде шығын көлемі әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Жыл басында әлем назары Австралияға ауды. Жасыл құрлықта өткен жылдың соңында басталған орман өрті биыл да халықтың мазасын қашырды. Ресми дерек бойынша, тілсіз жау 33 адамның өмірін жалмады. Австралиядағы ахуалға тек жергілікті тұрғындар ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы алаңдады. Түрлі ұйымдар, жұлдыздар мен әлемнің түкпір-түпкіріндегі қарапайым тұрғындарға дейін елге көмек қаржы жинады. Себебі орман өртінің алапат болғаны соншалық, мамандар қалпына келтіру үшін 100 жыл қажет екенін айтады. Әлем жұртшылығының алаңдауының тағы бір себебі – табиғат апатынан бір емес, екі емес, үш миллиард жануар жараланды немесе қырылып қалды. Бұл тізімде кенгуру мен коала көп. Желіде қызыл жалыннан қашқан кенгуру мен өрт сөндірушінің қолынан су ішкен коаланың суреттері тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті.

Кейт Бэнистер, волонтер:

– Австралияда 60 мың коала қырылып қалды. Бұл біз үшін ауыр соққы. Бірақ ең сорақысы, шамамен 30 жылдан кейін Австралияда коала қалмай қалуы мүмкін. Сондықтан бар күшімізді оларды сақтап қалуға жұмсауымыз керек.

Ал Азия халқы әсіресе Қытай мен Үндістан жұртын биыл су тасқыны әлекке салды. Жазда басталған табиғат апатының беті тек күзде ғана қайтқан. Бір ғана Үндістанда топан судан 2 мыңнан аса адам көз жұмып, миллиондаған жан баспанасынан айырылды.

Қытайда тасқыннан 63 миллион тұрғын жапа шекті. Келтірілген материалдық шығын 32 миллиард долларға бағаланып отыр.  

Биыл табиғат апатынан келтірілген материалдық шығындар жағынан ғана емес, Атлант мұхитындағы дауылдардың саны бойынша да рекорд орнады. Күшті жел салдарынан 2020 жылы 400 адам көз жұмған. Ал келтірілген материалдық шығын 41 миллиард долларға бағаланды. 2020 жылы ең алапат дауыл Эта болды. Оған қауіптіліктің ең жоғары деңгейі берілген. Биыл Орталық Америкада Этамен қоса Йота дауылы да ойран салып, жергілікті халықтың есін шығарды.

Карлос Фуллер, метеоролог:

– Бәріне жаһандық жылыну себеп. Өйткені мұхиттардағы су жылыған соң, онда күшті дауылдардың пайда болу қаупі артады. Жылдан жылға дауылдар маусымы ерте басталып жатқанын көріп отырмыз. Яғни адамзат табиғат апатына алдын ала дайындала алмай, оған қарсы тұруға қауқарсыз болып қалады.

Жыл соңына таман Түркияда 6,6 балдық зілзала болып, жұрттың зәресін қашырды. Жер сілкінісінің соңы цунамиге ұласып, қауіп күшейді. Ресми дерек бойынша, табиғат апатынан 120-ға жуық адам көз жұмған. Құтқарушылар бірнеше күн бойы қиранды астында жатқан кішкентай қызды аман алып қалып, мұның бейнежазбасы бүкіл әлемге тарап, қаншама адамның жүрегін елжіретті.

Жалпы «Кристиан Эйд» қайырымдылық қорының баяндамасына сәйкес, биыл табиғат апаттарынан 3 жарым мыңға жуық адам көз жұмған екен. Тағы 13 жарым миллион адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

Хабар 24 телеарнасы