Қазақстан Президенті сайлауда дауыс берді

Мемлекет басшысы да таңдауын жасады. Президент елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.

Бұл жерге жиыны 3040 адам тіркелген. Таңдауын жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, арнайы сұхбат берді. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та Президент сайлауынан кейін орын алған ахуалға қатысты пікір білдірді.

Бұдан бөлек «заңға сәйкес бүгінгі сайлаудан кейін Қазақстан Үкіметі отставкаға кетуі тиіс», – деді. Сонымен қатар сайланып жатқандарға теңдей мүмкіндік жасалғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халқымыз белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Белсенділік жоғары. Бұл сайлау халқымыздың бұдан әрі дамуына серпін береді деп ойлаймын. Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, еліміздің болашағы үшін соғұрлым жақсы.

Маңызды мәселе – Парламенттің заңдарды сапалы қабылдауы. Қазақстан үшін сапалы заңнама жүйесі керек.