Парламент Мәжілісінің депутаттығына мандаттар бөлінді

«Nur Otan» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына 76 мандат бөлінді.

Қазақстанның «AQ JOL» демократиялық партиясына 12 мандат, ал Қазақстанның халық партиясының үлесіне 10 орын тиді. Бүгін орталық сайлау комиссиясы, 10 қаңтарда өткен сайлаудың ресми қорытындысын жариялады. Орталық сайлау комиссиясының шығарған шешіміне сәйкес, әрбір саяси ұйым алдағы он күннің ішінде өз кандидаттарының тізімін беруі тиіс. 

Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Бүгінде орталық комиссияның қорытынды шығаруға қажет хаттамалардың барлығы қолда бар. ҚР сайлау жөніндегі конституциялық заңның 97-бабына сәйкес, Парламент мәжілісіне сайлау нәтижелерін орталық комиссия анықтайды. Партия тізімдері бойынша аумақтық сайлау комиссияларының сайлау қорытындысы жөніндегі хаттамаларға сәйкес, сайлаушылар тізіміндегі азаматтардың саны 11 млн 919 мың 241. Сайлаушы бюллетенін 7 млн 539 мың 280 азамат, немесе сайлаушылардың 63,25 проценті алды. Саяси партияларға ұзын саны 7 млн 241 мың 562 дауыс берілді. Дауыстардың үлесіне тоқталсақ: Қазақстанның халық партиясына – 659 мың 19, немесе сайлаушылардың 9,1 процент дауыс берген. «Nur Otan» партиясына – 5 млн  148 мың 74, немесе сайлаушылардың 71,09 процент дауыс берді. «Ауыл» халықтың демократиялық патриоттық партиясына  383 мың 23 адам, яғни сайлаушылардың 5,29 проценті дауыс берді. «Ақжол» Қазақстанның демокпратиялық партиясы – 792 мың 828 дауыс, немесе 10,95 процентке ие болды. «ADAL» саяси партиясына  258 мың 618, немесе сайлаушылардың 3,57 проценті дауыс берген.  

Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мәжіліс депутаттығына тоғыз адамның тізімі бекітілді.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан үш ай бұрын Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауына бес партия түскен еді.