Елордада карантиндік шаралар қатаңдатылуы мүмкін

Қаңтардың алғашқы онкүндігінде елорда «сары» және «қызыл» аймақтардың шекарасында тұр.

Жаңа жылдық мерекелерден кейін инкубациялық кезең аяқталғанын ескере отырып, коронавируспен ауыратын науқастар саны артып келеді. Бұл – санитарлық нормалардың бәрі бірдей сақталмағанының басты белгісі. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

«Қазір қала «сары аймақта» орналасқанына қарамастан сырқаттанушылық санының өсуі байқалады. Бұл, бір жағынан, COVID-19 инфекциясына тест тапсыратын адам санының екі есе өсуіне, ал, екінші жағынан, қала тұрғындарының мерекелік жаңа жыл күндерінде шектеу шараларын сақтамауына байланысты.

Сондай-ақ айрықша атап өтерлігі, дәрігерлерге өздігінен қаралатын халықтың үлесі артып келеді. Бұл тұрғындардың жауапкершілігі жоғары екенін және коронавирус инфекциясының салдарына алаңдайтынын көрсетеді. Өз бетімен ем-дом қолдануға болмайды. Өзін, туыстарын және айналасын қорғау үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтап, маска тағу қажет», – деді елорданың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Қаланың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова коронавируспен ауырғандардың өсуі жалғасқан жағдайда, карантиндік қосымша шектеу шаралары қабылданатынын атап өтті.