Қарағанды облысындағы шахта апатында жоғалған кеншінің денесі табылды

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада төтенше жағдай салдарынан жоғалып кеткен кеншінің денесі жансыз күйінде табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан. 37 жастағы Шадиров Николай Рамазанұлы аталған кен орнында 16 жыл қызмет істепті.

Еске салсақ, кеше түнде аталған шахтада газ метанның шамадан тыс бөлінуі салдарынан 136 кенші жер бетінен шығарылған. Ал, бұрғылау құрылғысының машинисі жер астында қалып қойған болатын. Оның қасындағы екі әріптесі жедел ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың жағдайы тұрақты.

Боранқұл Махин, Х.Мақажанов атындағы көп салалы клиникалық орталық жетекшісі:

- Бастары айналады, ұйқысы келеді, құсқылары келеді. Олардың қазіргі жағдайы сондай. Қазір кішкене жақсарды. Орта дәрежелі деп санаймыз. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ. Естерін жинады, есін біледі.

Айта кетейік, Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада төтенше жағдай болып, 136 адам шұғыл жер үстіне шығарылды. Бір адам іздестіріліп жатыр. Оқиға кеше түнгі уақытта болған.

Төтенше оқиғаға байланысты мемлекеттік комиссия құрылды