Елді елеулі өзгерістер күтіп тұр. Президент жеті басымдықты атады

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 процентке дейін төмендетіледі. «Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді». Мұны бүгін жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы «барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн», - деді. Мұндағы мақсат не? Жалпы, алқалы жиында тағы не айтылды?

Президент әуелі жаңа сайланған депутаттарды құттықтады. Құттықтады да, өткен шақырылымның депутаттарына ризашылығын білдірді. Соңғы 5 жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданып, 60-қа жуық заң жобасы дайындалған екен.

Президент айтты: «Біз 2025 жылға қарай әрбір азамат үшін тиімді институционалдық және инфрақұрылымдық орта қалыптастырамыз». Мақсатқа жету үшін не істеледі? Президент 7 басымдықты атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Бұл өте өзекті міндет. Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн.

Екінші басымдық – тиімді әлеуметтік саясат. Алдымызда әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша саясатты қайта ретке келтіру мәселесі тұр. Мейлінше осал топтағы азаматтарды қолдау мемлекеттің басымдығы болады. Осы орайда Президент бұқаралық және балалар спортын дамытуға айрықша мән беру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Салауатты өмір салты - ұлт денсаулығын қалыптастырудың негізгі жолы. Сондықтан Жолдауда айтқанымдай, жаппай және балалар спортына баса көңіл бөлген жөн. Тағы қайталаймын. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Менің тапсырмаммен үкімет, жаппай және балалар спортын қаржыландыру тәсілін өзгертті. Бұл іс үлкен ресурспен қамтамасыз етіледі. Ал Парламент депутаттары аталған шаруаның орындалуын мұқият қадағалауы тиіс.

Ұлттық экономиканы жаңғыртып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау. Бұл – үшінші басымдық. Осы орайда Президент отандық бизнесті ынталандыратын «өндірістік саясат туралы» заң қабылдау керектігіне тоқталды. Себебі экономика өспесе халықтың әл-ауқаты да артпасы белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтардың әл-ауқатын арттыру ұлттық  экономикаға түсетін салымдарсыз мүмкін емес. Үкімет экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған  контрциклдық макроэкономикалық саясатты жалғастыруы керек. Салық кодексіне оны жеңілдету  мен бәсекелестікке ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында ревизия жүргізу керек.

Елде мыңдаған ауыл жаңғыртылып, күре жолдар 100 процентке жаңартылады. Аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуы маңызды. Бұл – Президент атаған төртінші басымдық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды. 

Бесінші басымдық – саяси жаңғыру. Президент айтқандай өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендетуіміз керек»,-деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. 

Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасалады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланылмақ. Азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдауға Президент бүгін басымдық берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады. Қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау мәселесі де басты басымдық болып отыр. Бұл саладағы ынталандыру шаралары қарапайым әрі нақты болуы керек. Соған сәйкес қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілуге тиіс.

Мемлекет басшысы жетінші басымдықты «адам құқықтарын толық қорғау» деп атады.  Осы орайда Президент сайлау кезінде «баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!

Мысалы, бізде омбудсмен институты бар. Бірақ ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақын арада Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек. Бұл заң аталған институттың қызметін барлық бағыттар бойынша реттейді. Тиісті мамандар болмаса және ұйымдастыру жұмыстары жасалмаса, омбудсмен қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қиынға соғады. Адам құқықтарына байланысты негізгі мәселелер өңірлерде байқалып отыр. Жергілікті биліктің үстінен арыз-шағымдар көп түседі. Сондықтан омбудсмен институтын, ең алдымен, аймақтарда күшейту қажет.

Президент осы жерде «адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайтуымыз керек», - деді. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелер де уақыт оздырмай шешімін табуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. Ерекше күтімге мұқтаж балалардың инклюзивті дамуы мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек. 

Президент айқындап берген бұл жеті басымдық күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев сессия соңында Парламенттің алдындағы маңызды екі міндетті атады. Біріншісі сапалы заңдар қабылдау. Екіншісі Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс.

Автор: Қорған Төреқожа