Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен көліктің техпаспортын көрсету міндеттелмейді

Енді көлікке қатысты құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүрмесеңіз де болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жол қозғалысы туралы» заңға осындай өзгеріс енгізілді. Жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты көрсету міндеті жойылады. Бұдан былай, полицейлер аталған құжатты тек ортақ базадан тексеруі тиіс. Ол үшін жеке куәлік те жеткілікті. Аталған заң Сенат отырысында қабылданды.

Күн тәртібінде 4 заң қаралса, соның үшеуі халықаралық келісім, ал біреуі көлік жүргізуге қатысты норма. Соңғысын Парламент депутаттары дайындаған. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент көтерген мәселе бойынша құжатсыз жүргендерге салынатын айыппұл да жойылады.

Айта кетейік, бұл норма мемлекеттік тіркеу нөмірі шетелдік немесе жүргізуші куәлігін басқа мемлекеттен алғандарға қатысты емес. Оларда құжаттың болуы міндетті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Соған сәйкес енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталады. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз.