Зейнетақы ақшасын жаратудың негізгі ережелері қандай?

Елімізде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану ережесі күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертең «Отбасы банкі» қазақстандықтардан өтінім қабылдау үшін онлайн-платформаны іске қосады.

Зейнетақы жинақтарын баспана мәселесін шешуге пайдалану 800 мыңнан астам қазақстандық үшін жаңа мүмкіндікке жол ашты. Сонымен бұл қаражатты қайда жұмсауға болады? Соған тоқталайық. Біржолғы зейнетақы төлемдерін жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп төлеу және айырбастау шарттарымен толық төлем жасау үшін пайдалануға болады. Бұған қоса, үлескер ретінде алған баспанаңыздың құнын толық өтеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ зейнетақы шотындағы қаражат жеткілікті болса, жеке үй салуға, соның ішінде жер учаскесін сатып алу үшін жұмсауға болады.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Ал егер сіз баспананы ипотекаға алғыңыз келсе, зейнетақы ақшасын бастапқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл ақшаны тұрғын үй несиелері бойынша қарызды ішінара немесе толық өтей аласыз. Бірақ ескеретін бір жайт, егер осы зейнетақы төлемімен алынған баспананың ипотека мерзімі бес жылдан жоғары болса немесе өтелмеген берешегі болса, осы аралықта ол үйді сатуға тыйым салынады.

Қазірдің өзінде 60 мыңға жуық адам «Отбасы банкінде» арнайы шот ашқан. Ал біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініштер ертеңнен бастап қабылданады. Өтінішті қарау үшін кем дегенде бір апта кетеді. «Отбасы банк» үміткердің өтінішін екі күн талдайды, содан кейін оның барлық деректерін Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді. Егер өтініш берген адам барлық талаптарға сәйкес келсе, онда бес күннен кейін Қор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын «Отбасы банкіндегі» арнайы шотқа аударады.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Ал арнайы шотқа түскен ақшаны алу үшін қазақстандық қырық бес жұмыс күні ішінде барлық қажетті құжатты тапсыру керек. Егер осы аралықта тиісті құжаттар тапсырылмаса, онда ақша Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотқа қайтарылады. Тағы бір маңызды ереже: қазақстандықтарға зейнетақы қаражатын жақын туыстардан немесе жұбайынан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалануға болмайды.