Қ.Тоқаев жаппай вакциналауға қатысты тапсырма берді

Наурыз айының соңына қарай елде күн сайын коронавирус жұқтыратындар саны 3 мыңға жетуі мүмкін.

Мұндай болжамды денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Пессимистік көзқарас бойынша көрсеткіш 9 мыңға жетеді. Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында мұндайға жол бермеу үшін қатаң карантин енгізу керектігі сөз болды. Тіпті халықты жаппай вакциналауға ден қою қажет. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа екпе жасалады. Мәжбүрлі емес, ерікті түрде жүргізілетін бұл процесте Президент мұқият болуды міндеттеді.

«Себебі бұл – үлкен жұмыс. Әрі дәлме-дәл жоспарды қажет етеді. Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектесуі тиіс, бізді алда көп жұмыс күтіп тұр», – деді Қазақстан Президенті.

Ел үкіметінің жоспары бойынша, биыл 33 фельдшерлік-акушерлік бөлім, көпбейінді 8 аурухана және 2 ғылыми орталық салынады. Аудандағы медициналық ұйым мен перзентханалардың құрал-жабдықпен қамтылуы 70 процентке жеткізіледі. Ал экстракорпоральді ұрықтандыруға мемлекет тарапынан 7 мың квота беріледі. Бұл жылдағы көрсеткіштен 7 есе көп.