419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысына Токио олимпиадасына дайындық барысы туралы баяндалды

  • 462
  • UPD: 15:37, 04.02.2021
Мемлекет басшысына Токио олимпиадасына дайындық барысы туралы баяндалды Ақорда

Мемлекет басшысы Мəдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады.

Президентке мəдениет, спорт, туризм, архив, кинематография салаларында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Сонымен қатар биыл өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын және өзге де атаулы мерейтойлық даталарды атап өтуге байланысты жасалатын жұмыстардың жайы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысы, «Кинематография туралы» Заңға енгізілетін толықтырулар жөнінде айтылды.

Мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысына Токио Олимпиадасына дайындық жұмысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша мəлімет берді.

Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде ішкі туризмге сұраныстың арта түскенін жеткізді. Саланы ынталандырудың тиімді тетіктерінің бірі – балалардың демалыс орындарына ұшақпен баруын субсидиялау екенін, осыған қатысты тиісті түзету «Туризм қызметі туралы» Заң жобасына енгізіліп, республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоты Райымқұловаға идеологиялық, тәрбиелік маңызы зор жұмыстарды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, цифрландыру бойынша қолға алынған бастамаларды сапалы жалғастыру, министрліктің онлайн жобаларын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Хабар 24 телеарнасы