424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада гүл дүкенінің алдына екі мыңнан астам адам жиналып, соңы дауға ұласты

  • 840
  • UPD: 23:00, 07.02.2021

Елордада гүл сататын дүкен алдына екі мыңнан астам адам жиналып, соңы дауға ұласты. Бұған дейін жаңа гүл дүкенінің ашылуына орай ұтыс ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде бас жүлдеге көлік тігілгені хабарланған. Мұны естіген елордалықтар Мәңгілік ел көшесінің бойына жиналып, кептеліс болды. Дүкен маңына халық тым көп жиналған соң ұйымдастырушы тарап белгісіз себептермен ұтыс ойыны өткізілмейтінін айтқан. Бұған қарсылық танытқан жұрт ішке кіруге ұмтылған. Адамдардың жаппай жанталасынан жарақат алып, қысылып қалғандар туралы әзірге ақпарат жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жағдайға түсініктеме берді.

«2021 жылы 7 ақпанда Есіл ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметі мамандарының мониторингтік тобы Нұр-Сұлтан қаласында екі мыңнан аса адам жаппай іс-шара өткізіп, Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қолданыстағы қаулысының бұзылу дерегін анықтады (гүл дүкенінің ашылуына байланысты ұтыс ойнату)», - деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.  

Ержан Байтанаев Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары жоспардан тыс тексеріс жасағанын хабарлады.

«Тексеру барысында заң бұзушылық дерегі расталды және кәсіпкерлік субъектісіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының, 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылдау үшін 8 ақпанда басқармаға келу туралы шақыру қағазы берілді. Жоспардан тыс тексеру барысында нысан әкімшілігімен және ұтыс ойынына қатысушылармен қаулы талаптарын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Байтанаев.

Хабар 24 телеарнасы