Судьяның пара алу кезінде ұсталуы: Жоғары Сот кеңесі түсініктеме берді

11 ақпанда бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот судьясы басқа судьяның қызмет орнын ауыстыруға ықпал ету үшін пара алу үстінде ұсталуы туралы ақпарат тарады.

Осыған байланысты Жоғары сот кеңесінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттағы судья 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың желтоқсаны аралығында Жоғары сот кеңесінің мүшесі болған.

«Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі туралы» Заңына сәйкес Жоғары сот кеңесінің тұрақты мүшелері 10 адамнан тұрады. Оның 8-і қазіргі таңда судья. Кеңес құрамына судьяларды Жоғарғы сот өзінің алқа мәжілісінің отырысында сайланып (Жоғарғы сот судьяларының барлығы мақұлдап) ұсынылады. Кеңес мүшелері әр бір жарым жыл сайын ауысып отырады. Жоғары сот кеңесінің құрамы соңғы рет 2020 жылы желтоқсан айында жаңарды.

Қызмет атқарып жүрген судьяларды бір соттан басқа сотқа ауыстыруға қатысты: мұндай ауыстырулар конкурстан тыс тәртіпте тек Жоғарғы сот төрағасының ұсынымымен Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде іске асуы мүмкін. Жоғары сот кеңесі осы шешімді негізге алып, ұсыныс жасайды», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Жоғарғы сот судьясы пара алу кезінде ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.