Еліміздің сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі

Елдің сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіп, судьялардың құзіреттілігін кеңейту, бір облыста болып жатқан істі басқа өңірдегі судьяға қаратып, бизнеске қысымды азайту.

Бұл бүгін Президент төрағалығымен өткен сот жүйесін жаңғырту жөніндегі кеңесте айтылған мәселелер. Мемлекет басшысы жиында саладағы олқы тұстарды атап, тиісті тапсырмалар берді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елдің сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Бұл бастама саладағы ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас-жемқорлықты азайтуға тиіс. Жаңа реформаны бүгін Президентке Жоғарғы сот төрағасы таныстырды. Жақып Асановтың айтуынша, жасанды интеллект кез келген істің ықтимал нәтижесін болжап, қандай шешім қабылдануы қажет екенін анықтап береді. Бұл судьялардың ісіне бір жағынан демеу, екінші жағынан тек әділетті шешім шығаруға сеп болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланған жөн деді. Алайда бұл қадамға жан-жақты талдаудың нәтижесінде бару қажеттігін айтты. Тағы бір жаңашылдық, енді елде кез келген соттың құзыреттілігі аумақпен шектелмейді. Яғни, белгілі бір судья қарап жатқан іс көп болса, онда ол өзге аймақтағы әріптесімен жүктемені бөлісе алады. Бұған IT-бағдарлама көмектеседі. 

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:

- Бұл – жемқорлыққа жол бермейтін құрал. Бір ғана соттың ішінде істер қарала бермейді. Оны бүкіл ел судьяларының қарауына жол ашқымыз келеді. Егер талап етуші мен жауап беруші Шымкенттен болса, оның ісін Петропавл немесе Оралдағы судья қарайды деген сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл елдегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істі қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеу деген сөз. Жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс өте өзекті мәселе. Бірақ оны жан-жақты зерттеу қажет. Барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек.

Ендігі мәселе, сол фемида өкілдерінің өзіне байланысты. Бұл салада бюрократия әлі де бар. Сот қызметкерлері қағазбастылықтан көз ашпайды. Азаматтардың да сенімі азайып барады. Бизнес пен инвесторлардың алаңдайтыны да сол. Саланы түбегейлі жаңғырту жалғаса береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген қауесет тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ-қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды.

Қазір көп судьяға табандылық жетіспейді. Тергеудің сапалы жүргізілуін талап етуге барынша құқығы болса да, оны қолдануға келгенде қаймығады. Президент осы жайтты баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтырғы Жолдауымда соттарды жаңадан іріктеу үдерісін ашық етуге тапсырма бердім. Азаматтарымыз кімнің және сіңірген қандай еңбегі үшін сот болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғарғы сот кеңесінің маңызды міндеті. Сонымен қатар Жоғарғы сот кадрлардың тұрақтамау себебіне жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Судья мамандығына мықты заңгерлер тартылуға тиіс.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі фактор деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық ісімен Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты дерек қоғамда үлкен дау туғызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осыдан бірер күн бұрын келеңсіз жағдай болды. Жоғарғы сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Бұл жағдай қоғамды алаңдатты. Жоғарғы сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуге тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз.

Бұдан былай кәсіпкерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестіріледі. Бизнестің есебінен байығысы келгендерге енді заң қатаң. «Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиында Президент кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесін мұқият тыңдады.

Рүстем Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:

- 2018 жылы 2 заңды тұлғаның ғана шығыны өтелді. Бизнестің тарапынан мыңдаған талап-арыз түседі. Оның шығынын толық өтеп беру үшін Жоғарғы сотқа дейін бару керек. Оған қоса, Үкіметтің арнайы қаулысын күту керек. Кәсіпкер атқамінерлерге қарсы арызданудың нәтижесі жоқ дегенге мойынсұнып кеткен. Жағдайды реттеу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты «кедергілер арқылы жүгіру» дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдайтын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталуы тиіс екенін ескертті. Сондықтан сот шешімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Мұның барлығы биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТТК