419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда «Спутник V» вакцинасы ресми түрде тіркелді

  • 359
  • UPD: 14:14, 15.02.2021

Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстан Республикасы аумағында «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинасын тіркеу рәсімін аяқтады.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама ұйымының тіркеу дерекнамасының материалдарын қарау нәтижесі бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындысы алынды.

Аталған қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды.

Осылайша, Қазақстан «Спутник V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші мемлекет болды. Бүгінгі күні вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түркменстан, Венгрия, БАӘ, Иран, Гвинея Республикасы, Тунис, Армения, Мексика, Никарагуа, Серб Республикасы (Босния және Герцеговина энтитеті), Ливан, Мьянма, Пәкістан, Моңғолия және Бахрейн сияқты мемлекеттерде тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қорының комиссиясы қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарына жүргізілген сараптамаларының нәтижесінде қабылданған болатын. ҚФК алаңы ресейлік субстанциядан дайын өнімді өндіруге анағұрлым дайын болып шықты. РТИҚ мамандары жүргізген техникалық аудит нәтижесі өндірістік алаңның коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын түрін шығару үшін барлық талаптарға сәйкес келетінін растады.

Алдын ала есептеулер бойынша, осы жылдың ақпан айының соңында еліміздің барлық өңірлеріне ҚФК өндірген «Спутник V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, Қазақстанда өз әзірлеушілерінің болуы, сондай-ақ вакциналар өндірісі үшін жергілікті алаңдардың болуы вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді азайтуға және еліміздің эпидемиологиялық ахуалының тұрақтануына елеулі ықпал етуге мүмкіндік береді.

Қарағанды фармацевтикалық кешені биотехнологиялық препараттар өндірісіне мамандандырылған ҚР-дағы алғашқы және әзірге жалғыз фармацевтикалық кәсіпорын болып табылады. Ол бірегей жабдықпен жабдықталған және халықаралық GMP стандартына сәйкес сертификатталған. ҚФК-ның негізгі өнімдері – ауыр әлеуметтік маңызы бар ауруларды (онкология, гемофилия, гепатит, қант диабеті және және т.б.) емдеуге арналған заманауи жоғары тиімді препараттар.

Ақпарат көзі: Қарағанды фармацевтикалық кешенінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы