Жаңатастағы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды

Жаңатастағы жантүршігерлік оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрттің нақты себебі тиісті сараптамалардың нәтижесі бойынша жарияланады. Қазір оқиға орнында біздің тілшілер де жұмыс істеп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Дәл қазір біз оқиға орнында тұрмыз. Өрт міне, мына менің артымда тұрған үйдің үшінші қабатында болған. Қазір пәтердің есігі жабық. Тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Үйдің төңірегін полиция қызметкерлері күзетіп тұр. Кіреберіске тек тұрғындарға ғана кіріп-шығуға рұқсат етілген.

Қара жамылған отбасының мүшелері қазір Талас ауданы Үшарал ауылында. Туған-туыстары балаларды сонда жерлеу туралы шешім қабылдауына байланысты бүлдіршіндердің денесі арнайы көліктермен жеткізілді. Жерлеу рәсімі қазір сағат 15:00-ге деп белгіленген. Жергілікті әкімдік тарапынан қажетті техника бөлініп, жәрдем көрсетілген. Ата-анасы мен туған-туыстарымен әлі де психологтар жұмыс істеп жатыр.

Ерлан Имашев, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:

- Қайғылы оқиға орын алған отбасына тиісті жергілікті атқарушы органдар тарапынан көмектер көрсетілетін болады. Кешегі күнге арнайы техникалар туыстарын бәрін сол жаққа жеткізу, балалардың денелерін жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Қазір қандай жәрдем қажет екендігін сұрап жатырмыз .Ол кісілерге қосымша қажетінің бәрін ұйымдастырып береміз.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір бұл оқиғаға қатысты ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалды. Мамандардың айтуынша, жылжымалы зертхана жұмысы нәтижесінде оқиға орнында электрлі құрал мен жарамсыз сымдар немесе өзге де жылыту құралдары болмаған көрінеді. Әзірге өрттің неден шыққанын мамандар дөп басып айта алмай отыр. Арнайы сараптама тағайындалды. Сот-сараптама мамандарының алдын ала болжамы бойынша өрттің шығу себебі тез тұтанатын заттардан болуы мүмкін деп отыр. Нақты себеп жазбаша түрде жарияланбақ.

Жаңатастағы өрттен зардап шеккен отбасыға жан-жақты көмек көрсетіледі

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә