Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің отырысына қатысты

Премьер-Министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Женевада өтіп жатқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің (БҰҰ АҚК) 46-сессиясының жоғары деңгейлі сегментті онлайн-отырысына қатысты. 

Іс-шараға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет, 150-ден астам елдің үкімет басшылары мен министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. 

М.Тілеуберді өз сөзінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адам құқықтары саласындағы ұлттық және халықаралық стандарттарды сақтауға арналған бағыты болып қала беретінін атап өтті. 

Сыртқы саяси ведомствоның басшысы қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқықтарын қорғау, демократиялық қоғам құру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу бөлігінде бастамашылық еткен саяси реформалар пакетін іске асырудың табысты тәжірибесі туралы хабардар етті.

Атап айтқанда, бейбіт жиындар туралы жаңа заңның қабылдануы, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту, Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарын ізгілендіру, әйелдер мен жастар үшін 30% сайлау квотасын енгізу, сондай-ақ Қазақстанның өлім жазасының күшін жою туралы екінші Факультативтік Хаттамасына қосылуы өзекті жетістіктер қатарында атап өтілді. 

М.Тілеуберді Қазақстанның бейбітшілікті, келісімді нығайту және адамның іргелі құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұжымдық жаһандық күш-жігерге барынша үлес қосуға бейілділігін растады. Осыған байланысты ол Қазақстанның 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ АҚК мүшелігіне өтінішін жариялап, оның халықаралық қоғамдастықтың тарапынан қолдауына үміт білдірді.