Мәжіліс депутаты еліміздегі ең төменгі жалақы көрсеткішін екі есеге арттыруды ұсынды

Жылдап мемлекеттен баспана алуға кезекте тұрғандар өз үйіне қол жеткізе алмай отыр.

Оған шенеуніктердің заңсыз әрекеттері себеп. Тек соңғы 3 жылда олар 400 пәтердің кілтін кезек бойынша емес, «өз адамдарына» берген. Бұл мәселені бүгін Мәжіліс депутаттары қозғап, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Парламент қабырғасында азық-түлік қымбаттауы мен жұмыссыздық сынды өзекті түйіткілдер сөз болды.

Баспана тарату кезінде әділдіктің жоқтығына шағымданатын халықтың қарасы көп. Бүгінде мемлекеттен пәтер алам дегендердің саны 550 мыңға жуықтап қалды. Алайда кезектің жылжу жылдамдығы тым баяу. Салынатын үйлердің жеткіліксіз болуымен қатар дайын пәтерлерді өз туыстары не таныстарына беріп жатқан шенеуніктер жүйе жұмысына кедергі келтіріп отыр. Ата-анасыз қалып, балалар үйінде өскен 2300 жасөспірімнің де құқығы тапталғаны дәлелденді.

Ерлік Өмірғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жағдайы нашар қазақстандықтар әкімдіктегілердің заңсыз әрекеттеріне жиі шағымданып, бізге хабарласады. Осы орайда депутаттар баспанамен қамту мәселесінің «Отбасы банкіне» берілуін қолдайды. Алайда әр қалада кезекте тұрған азаматтардың электронды тізімін жасауды талап етеміз. Сонымен қатар бұған дейін табысталған пәтерлерді тексеруді сұраймыз. Олардың қайсысы сатылып, қайсысы жалға берілгенін анықтап, шын мәнісінде мұқтаж азаматтарға берілуін қадағалаған жөн.

Депутаттар халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының жүзеге асуын да сынға алды. Мәселен, былтыр бұл бағытты дамыту үшін 1 триллион 131 миллиард теңге қаражат бөлінген. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Бағдарлама қатысушыларының тең жартысы жұмысқа тек қағаз күйінде ғана орналасқан.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмысқа орналасқан азаматтардың тізімі күмән туғызады. Тескеріс жүргізілгенде көптеген қарама-қайшылық анықталды. Сонда олар жұмысқа тек қағаз бетінде ғана орналасқан ба, әлде бұл жұмысшылар салық төлемеу үшін көлеңкелі экономикаға кетті ме? Болашақта мұндай әрекеттер зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің аз болуына әкеп соқтырады. Сол себепті біз Үкіметтен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру тәртібін реттеуді талап етеміз.

Ал жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбекақысын көтеру қажет. Депутат Ерлан Смайлов ең төменгі жалақы көрсеткішін 2 есеге арттырып, 86 мың теңгеге дейін жеткізуді ұсынды. Оның келтірген статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, негізінен халықтың алатын жалақысы 60-140 мың теңге. Тарифтер көтеріліп, инфляция шарықтағандықтан ақшамыз тіпті құнсызданып кетті.

Ерлан Смайлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықтың жағдайын жақсарту үшін негізгі есептік көрсеткіштерді көтермесек болмайды. Тізімге ең төменгі жалақы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы сынды төлемдер кіру керек. Оларды қазір кем дегенде 100%-ке өсіріп, келер жылы тағы да өсірген жөн. Сондай-ақ ең қажетті азық-түлік тізімін де толықтырған дұрыс болады. Қазір онда тек 43 тауар ғана бар. Оны да екі есеге арттыру керек.

Қазіргі таңда отандастарымыз азық-түлік сатып алу үшін табысының 54%-ін жұмсайды екен. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. «Өкінішке қарай, бірде-бір жауапты министрлік қалыптасқан жағдайды реттеуге асығар емес», - дейді Мәжіліс депутаттары.

Авторы: Дариға Ташенова