Ұлттық кеңес алдында көптеген бағыт бойынша шешім қабылдау міндеті тұр

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды. Жалға да берілмейді. Бұл сұраққа түбегейлі нүкте қойылды. Балалар мен әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық қатаң жазаланады. Онымен арнайы айналысатын мекеменің штаттық бірлігі ұлғайтылады. Ауылдық жерлерде баспана құрылысы қарқын алып, бағасы қолжетімді үйлер тұрғызылады. Ал қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан қуылып, қатаң жауапкершілікке тартылады. Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент осылай деді. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елімізде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық ең өзекті мәселенің біріне айналды. Жыл сайын 2 жарым мыңнан астам қыз-келіншек зардап шегеді. Әйелдер қоғамда өз орнын таба алмай, тағдыр теперішін көреді. Салдарынан отбасы институты бұзылады. Президент бұл мәселеге ерекше назар аудару арқылы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарды проблеманы шешуге шақырды. Ішкі істер органдарында әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері жұмыс істейді. Аталған мекеме 1999 жылы құрылған. Алайда нәтижесі көңіл көншітпей келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ішкі істер органдарының әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелері бар. Ол мекеме полиция мен азаматтық қоғам арасын жалғайтын берік негіз қалыптастыруы шарт. Алайда соңғы жылдары штаттық бірлігі екі есе қысқартылған екен. Тұрмыстық жанжал жиі тіркелетін өңірлерде әлеуеті тым төмен көрінеді. Бұл мәселені Ұлттық кеңесте әлеуметтанушылар көтерді. Ішкі істер министрлігіне штат санын қалпына келтіруді тапсырамын. 

Жастардың құмар ойындарға әуестігі қоғамды алаңдатқан тағы бір түйткіл. Мұндайға жол беру ұлт болашағына үлкен қауіп төндіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақты құмар ойындарға тартқандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады деді. Тіпті арнайы лицензиясынан айырылады. Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санатта мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдету қажет. Күтімге мұқтаж адамдардың әлеуметтік қызметтерді алуы қиындаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет. Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа? Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет. Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын.

Елімізде кембағал балалар саны өсіп келеді. Олардың замандастары секілді білім алуына жағдай жасалмаған. Әлеуметтік проблеманы көтерген кеңес мүшелері ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту орындарын көбейтуді ұсынды. Оңалту орындарының саны да жеткіліксіз. Медициналық мекемелерде ерте жастан скрининг жасау жолға қойылмаған. Отырыста түзеу мекемесі мен полиция органдарында қадағалаудың күшейтілетіні айтылды. Себебі азаматтарға қарсы күш қолдану деректері жиілеген. Бейнебақылау камерасына түспей қалатын жайттар аз емес. Биыл елімізде педагог мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақсы өсті. Бұл жаңалық енді болашақ медицина қызметкерлеріне де қатысты болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:   

- Бұған дейін біз педагогикалық жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет. 

Қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Демек, елде тұрғын үй бағасы арзандауы мүмкін. Мемлекет арзан әрі сапалы үй құрылысын алдын ала қаржыландырады. Ауылда тұрғын үй құрылысы қарқын алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауылда үй салу тұрмыс сапасын жақсартады. Баспана мәселесі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ғана шектелмейді. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 процентіне дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та бәріне пайдалы.

Ауыл және кент әкімдерін сайлау биыл тамызда басталады. 800-ге жуық елді мекенде саяси науқан болады. Одан кейін аудан әкімдерін сайлау өтеді. Ол 2024 жылға жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Түптеп келгенде ол халық билігін орнатудың нақты көрінісі болады. Сондықтан дайындық жүргізуді тапсырамын.

Елде қос азаматтығы бар мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметшілер көп. Президент оларды қатаң жауапкершілікке тартуды міндеттеді. Заңға қайшы әрекет бұдан былай жазасыз қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр халыққа арналған жолдауымда қос елдің азаматтығы бар мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғаларды, квазимемлекеттік ұйымдардың жетекшілерін жұмыстан шығару туралы тапсырма берген едім. Үкімет пен мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке осы бағытта атқарылған жұмыс жөнінде баяндауды тапсырамын.

Жер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Шетелдіктерге бұдан былай сатылмайды және жалға да берілмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген мәселелер заң жүзінде бекітіледі. Кей бастамалардың бірауыздан мақұлдануы қоғам тарапынан оң бағаланды.

Төлеутай Рахымбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Бітті, әңгіменің бәрін доғару керек. Шетел азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлері сатылмайды да жалға берілмейді. 25 наурызға дейін жер комиссиясының жұмысы бастау керек деп. Одан кейін ауыл әкімдерінің сайлауы өтуі керек.

Айман Омарова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Бұл жерде адвокатураның мәселесі көтерілді. Өмір бойы лицензиясын алу деген. Талап арыз арқылы. Соны заңсыз деп санаймыз. Сол жағынан Президент сол ұсынысты қолдады. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ұлттық кеңеске әлі де көптеген бағыттар бойынша шешім қабылдау міндеті тұр. Президенттің айтуынша, кеңес құрамы осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгерді. Бірақ басты миссиясынан танған жоқ. Елдің жайын, толғандырған түйткілін көтеріп келеді.

Автор: Рауан Мыңбаев