Қазақстанда тұрғын үй тағы қымбаттай ма?

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған сметалық жоспардағы бағаны өзгертуге мүмкіндік берілуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық құрылыс компаниялар үкіметке осындай өтініш жасады. Оған себеп не?

Оған басты себеп – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Бағаның өсуіне байланысты нысандардың өзіндік құны жобадағы бағасынан асып кетіп жатыр. Егер оны нарықпен сәйкестендірмесе құрылыс тоқтап қалуы да мүмкін.

Құрылыс материалдарының қымбаттауы жаңа нысанның өзіндіқ құнын көтереді. Бұл әсіресе, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйдің бағасына әсер етуі мүмкін. Өйткені тапсырыс алдын ала беріліп, сметалық жоба бекітіледі. Онда өзгеріс енгізу қарастырылмаған. Ал құрылыс 1-2 жылға жалғасатынын ескерсек, осы аралықта материал екі есе қымбаттауы мүмкін. Сәйкесінше, құрылыс компаниясы шығынға батады. Немесе қаржыны үнемдеу үшін сапасыз материал қолдануы ғажап емес. «Ондайдың алдын алу үшін бағаны нарыққа бейімдеп отыру тәртібін енгізу керек», - дейді Құрылысшылар одағының өкілдері. Тауар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің айтуынша, баға әлі де көтерілуі мүмкін. Егер болжам расталса, кейібір компаниялардың құрылысты аяқтауға қаржысы жетпей қалады.

***

Елімізде кедейлер көбейіп барады

Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар саны көбейіп барады. Былтыр үшінші тоқсанда отандастарымыздың 6%-інің кірісі аз екені анықталған. 2019 жылы көрсеткіш тек 2% болған еді. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда табысы ең төменгі көнкөріс деңгейінен төмен азаматтар саны кейінгі төрт жыл ішінде біртіндеп көбейіп келеді. Ең нашар көрсеткіш 2001 жылы тіркелген. Ол кезде халықтың жартысы кедей саналатын. Айта кетейік, қазір елде ең төменгі күнкөріс соммасы 34 мың теңгеден сәл асады.

***

Былтыр 8,4 млрд жолаушы қатынады

Былтыр елде барлығы 8,5 миллиардтай жолаушы ары-бері қатынады. 2019 жылмен салыстырғанда 65%-ке аз. Оның 5,5 миллионы әуе көлігінің қызметіне жүгінген. Яғни алдыңғы жылдан 36%-ке кем. Бұған карантиндік шектеулер себеп. Қазір ел ішінде 45 әуе рейсі қайта қатынап жатыр. 12 мемлекетпен әуе байланысы қалыпқа келді. 16 наурыздан бастап Алматы – Тбилиси – Алматы бағыты қосылмақ. Ал жүк тасымалына келсек, былтыр темір жол арқылы 410 миллион тонна жүк бір нүктеден екінші нүктеге жеткізілді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,7%-ке көп. Жүк көлігімен 3,5 миллиард тоннадай тасымалданды.

***

Әлемде жалға берілетін пәтерге сұраныс артты

Әлемде пәтерді қысқа мерзімге жалдау нарығы жандана бастады. Мұндай ақпарат Airbnb компаниясының тоқсандық есебінде жарияланды. Баяандамада сұраныс күн сайын 13%-ке өсіп келе жатқаны айтылады. Компания сарапшылары жаппай вакциналау туристік секторға жаңа серпін береді деп сенеді. Бірінші тоқсанның өзінде тапсырыстар былтырғыдан көп болады. Бірақ 2019 жылғы көрсеткіштен асып кете қоймайды деген болжам бар. Былтыр соңғы тоқсанда тапсырыстар саны 31%-ке кеміген. Десе де, тау бөктеріндегі, теңіз жағасындағы және табиғат аясындағы жеке үйлерге сұраныс азаймаған. Осының арқасында Airbnb-дің табысы қонақ үй саласындағы операторларлардан азайған жоқ.

***

Walt Disney 60 дүкенін жабады

Walt Disney Солүстік Америкада ойыншық, киім-кешек, және тұрмыстық тауар сататын 60 дүкенін жабатын болды. Сөйтіп, онлайн сауда жасауға көшпек. Компания басшылығы нарықтағы белсенділігін 20%-ке азайтуды жоспарлаған. Қазір олардың қарамағында 300 дүкен бар. Пандемия кезінде келушілердің көбі онлайн тапсырысқа көшкені белгілі. Шектеу шаралары жеңілдегеннен кейін де бұл үрдіс сақталып қалған. Онлайн сауданы дамыту үшін компания арнайы веб-сайт ойлап тапты. Пандемия кезінде Walt Disney-дің акциялары 7%-ке арзандаған еді. Компания 4 миллиард доллар шығынға отырды. Бірақ онлайн сауданы жолға қойғаннан кейін, 60 дүкенін жабатыны туралы айтса да акциялары арзандамады

***

Енді валюта бағамына тоқталсақ, Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 419 теңге 87 тиынға бағалады. Еуро 508 теңге 4 тиынға тең. Ал ресей рубльі 5 теңге 7 тиын деп белгіленді.