Пандемия еліміздегі сан салаға салқынын тигізді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан тура 1 жыл бұрын COVID-19 індетінің өршуіне байланысты пандемия жариялады. Ол кезде індет жұқтырғандар саны 122 мыңға жеткен еді. Ал қазір қауіпті кесел 120 миллионан аса адамды шырмауына түсіріп үлгірді. Күн сайын мыңдаған адам қаза тауып жатыр. Қайтыс болғандардың жалпы саны 2 жарым миллионнан асады. Қауіпті вирус әлі де бар. Оның салқыны барлық салаға әсер етті.

Қытайдан табылған вирус аз уақытта алты құрлыққа ауыз салады деп ешкім ойламаса керек. Бірақ індет тез тарады. Сұмдық жылдамдықпен жапырып жатыр. Оның қарқыны әлі бәсеңдеген жоқ. Көзге көрінбейтін сол пәлекет жаһанға тарап, жайлы өмірдің жұлма-жұлмасын шығарды. Біздің елде де күн сайын індет жұқтырғандар табылып жатыр. Сөйте тұрып, қам қылмасақ болмайды деп, карантинді жеңілдеттік. Қоғамдық көліктерді жолға шығардық.

Нұрбол Ысқақов, №3 автобус паркінің директоры:

- Шығынға белшемізден баттық. Бірақ жүргізушілерге берілетін ай сайынғы төлемді сол қалпында сақтап қалдық. Автобуспен қатынайтын жолаушылар саны 35 процентке азайды деп айтсам болады. Бұрын тәулігіне мың адам тасымалдасақ, қазір 700 жолаушыға әрең жетеді.

Бәрінен бұрын оқушылардың мектепке оралғаны қуантып отыр. Әйтпесе «қашықтан оқимыз» деп сілікпесі шықты емес пе?! Баладан да, мұғалімнен де маза кеткен. 

Гүлжанар Әбитқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

- Бірінші класта оқитындар қатты қиналды. Балалар микрофонды қосып жауап беретін кезде немесе өшіріп қойып қайта тыңдау кезінде уақыттан көп ұтылып жаттық. Дауыс естілмей жатты, апай қатып қалдық деген реніштер болды. Сол жағынан қиналдық.

Деннің саулығы, бастың амандығы. Әрбір мектеп басшылығы алдымен осыны ойлайды. Сондықтан оқушылар арасында арақашықтық сақталуын ерекше бақылап отыр. Сосын «үлгірімі нашарлаған балаларды қайтып қатарға қосып аламыз» деп бас қатырады.   

Жанат Айтова, №88 мектеп-лицейінің директоры:

- Ауруын жасырған өледі дейді. Біз өзімізде болып жатқан қиыншылықтар болса жасырмауымыз керек. Біз мысалы, білім басқармасына жасырмай айтып отырамыз. Бізді солай дағдылаған. Қазір ата-аналар тарапынан көптеген шағымдар түсіп жатыр. Меніңше, ата-аналар ең бастысы баланың қауіпсіздігін ойлау керек. Аман баламызды біз білім сапасы төмендеп кетсе де қалыпқа келтіре аламыз. Ал баланы ауыртып алсақ, білім де, бала да жоқ. Бұл өте қауіпті жағдай. 

Түйнектей ғана вирус барлық саланы шатқаяқтатып тастады. Кәсіпкерлер шығынға белшесінен батты. Мейрамханасы барлар тіпті тақырға отырды десек болады. Олардың бар тапқаны шығындарын жабуға жетпей жатыр. 

Вероника Нұрпейісова, қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Коммуналдық қызмет ақысы 38 проценттен 42 процентке қымбаттады. Азық-түлік бағасы да 70 процентке өсіп кетті. Пандемияға дейін мұндай қымбатшылық байқалмап еді. Қоғамдық тамақтану саласында жүрген кәсіпкерлердің барлығы қазір шығынға батып отыр. Ешқандай кіріс жоқ. Олардың бар тапқаны қазіргі шығындарын жабуға да жетпейді.

Кесел кесірін тізе берсең тауыса алмассың. Сынған дүние қайта қалпына келеді ғой. Ал үзілген өмірді қайтып жалғайсың? Сондықтан ел билігі ең әуелі адамдардың амандығын ойлап отыр. Қазір де мына вирустың түлкібұлаңға салып жатқанын байқауға болады. Бірде ушығады, бірде тыншығады.

Бастысы, елде екпе салу басталды. Сол вакцинаға әлем елдері үміт артып отыр. Ал әзірге сақтану керек. Вирус бізді бір жыл бойы әлекен салды. Сақтанбасақ әлі қанша уақыт уысында ұстары белгісіз. 

Автор: Дастан Сейілханұлы