Дәрігерлер: Бір жыл ішінде коронавирусты емдеу жөніндегі хаттама 11 рет өзгерді

Осыдан тура 1 жыл бұрын елімізде төтенше жағдай жарияланды.

Індет жұқтырып жатқандар саны күрт көбейіп, Президент осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Тұп-тура екі ай құрсауда болдық. Сөйтіп, карантинді жеңілдетті. Алайда кесел шырмауынан шыға алмадық. Жазға қарай вирус өрши түсті. Қаншама адам сол кезде бақиға аттанды. Дәрігерлер бұл кеселмен күресуді үйренді ме?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Вероника – әріптесім. Бір арнада қызмет қыламыз. Былтыр жазда індет жұқтырып алып еді. Науқастар жатқан аурухананы түсіремін деп өзі де сол кеселдің шырмауына түсіп қалды.

Осы кезді енді ұмыта қоймас. Ертесі-ақ өзін жайсыз сезінеді. Маужырап жүреді. Әл-дәрмені құрығандай күй кешеді. Арада 4 күн өткенде ауруханаға түсіп қалды. Сол кезде оның бойын үрей билеген.

Вероника Баярова, журналист:

- Жағдайым қалыпты еді. Сондықтан дәрігерлер мені ауруханада ұзақ жатқызған жоқ. Мен ауырған кезде індет өршіп, ауруханада орын болмай жатқан еді. Соны көріп қорыққаным рас.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Былтыр тап осы күні елде індет жұқтырғандар саны он адамға жеткен еді. Дереу төтенше жағдай жарияладық. Тұп-тура екі ай тырп етпей жаттық. Қауіп сейілгендей көрінген. Сөйтсек, алданыппыз. Кесел алдымызды орап кетті. Қаншама адам қырылды сол жазда. Дәрігерлер де мұнымен қалай күресетіндерін білмей, дал болғандары бар.

Блиц:

- Осы бір жылдың ішінде көптеген қиындықтар болды. Коронавирусты емдеу жөніндегі хаттама 11 рет өзгерді. Протоколдардың өзгерісіне байланысты ауруды емдеу кезінде қиындықтар туындағаны рас. Ал қазіргі таңда бізде демалуға арналған оттегі аппараттары жеткілікті. Қамтамасыз етілген. Сондықтан да ондай қиындықтар қазір жоқ.

Ақ халаттылардың абдырап қалатындай жөні бар. Неге десеңіз, мұндай кеселмен бұрын-соңды бетпе-бет келіп көрмеген. Біз ғана емес, әлем елдері де әлемтапырақ күйге түсті. Дәрігерлердің өзі осы пәлекеттің құрбаны болып жатты. Қазір аздап болса да, вирус жайында там-тұмдап ақпарат жинап жатыр. Мұның не екенін, қалай күресу керектігін біліп алды. Бірінен соң бірі шығып жатқан вакцина соның дәлелі болса керек.

Гүлраушан Сапарбек, инфекционист дәрігер:

- Енді біз айтып отырмыз, бұл аурумен көбіне жасы үлкен, егде жастағы кісілер аурады деп. Өйткені ондай адамдарда белгілі бір рецептор болады. Вирустың сол арқылы көбейіп, дамитынын білдік. Ондай рецепторлар үлкен жастағы адамдарда көп болғандықтан, жиі көздеседі және ауыр өтеді.

Екпе шықты деп арқаны кеңге салуға болмайды. Жаздағы жағдай қаперде тұру керек. Ат төбеліндей ғана елміз ғой. Сақтанып жүрейік.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров