423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Президент тапсырмасымен 25 наурызда жер комиссиясы жұмысқа кіріседі

  • 528
  • UPD: 21:17, 18.03.2021

Елде Президент тапсырмасымен 25 наурызда жер комиссиясы жұмысқа кірісетін болды. Шетелдіктерге жердің бір телімі де сатылмайды, жалға да берілмейді. Мемлекет басшысының халықтың көңіліне қонған салмақты саяси шешіміне орай әзірленген жер қатынастары туралы заң Мәжіліс қабырғасында бүгіннен бастап талқылана бастады. 

Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді. Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200 млн гектардан астам жер бар. Жер шетелдіктерге сатылмайды да, жалға да берілмейді. «Елін сүйген еріне ел тілеуін береді».

Президент шетелдіктерге бір телім жер берілмейтінін айтып, саяси шешім қабылдап, оны заңмен бекітуд тапсырған, Мәжіліс депутаттары міне тиісті заң жобасын талқылауға кірісті. Жер десе ел өре түрегеледі, Мәжіліс сол себепті де жиынға халықтың атынан қоғам белсенділерін шақырды. Олар көкейде жүрген келелі кесек пікірлерін жеткізді. 

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар ішінде басқа заңды тұлғалар болатын болса онда нотариус заңды сделканы тіркеген кезде ол анықтап алу керек, осы заңды тұлғаның ішінде басқа шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғалар бар ма, жоқ па. Ол өте күрделі процесс болады. Бұл процесс қарапайым болуы үшін заңды тұлғаның ішінде тек ғана жеке тұлғалар болуы керек және Қазақстанның азаматтары болуы керек. 

Жер кадастры жариялы болуы керек деген қоғам белсендісі бұл «жеке деректер туралы» заңға қайшы емес, себебі ауыл шаруашылығы жерлерінің 99 проценттен астамы мемлекет меншігі екендігін атап айтты. Жалға алушылардың, заңды тұлғалардың аты-жөні ашық болғаны абзал.  

Мәселе Әділет министрлігімен кеңесіп шешілетін болды. Жер заң бойынша Қазақстан азаматтары емес жандарға берілмейді, демек азаматтық алу талаптары күшейтілуі керек. Әлемдік тәжірибеде бір елдің азаматтығын алу үшін адамдар ең кемі 5 жыл тұрып, сол елдің тілі мен тарихы бойынша сынақ тапсыруы керек. 

Жақында Мәжіліс спикерінің бастамасымен құрылған партияаралық кеңес тәртібі аясында жұмыс тобы  отырысына Парламентке енбеген партия өкілдері де қатысып, талқылауға үн қосты.

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары:

- Партияаралық кеңес құрылғаннан бастап бізді міндетті түрде шақырады, бұл өте дұрыс деп есептеймін. Атамыз қазақ бекерден бекер айтпаған, жер дауы, жесір дауы деп, бұл жер мәселесінің маңайында дау көп, сөз көп, әңгіме көп. Мысалы, ауылды елді мекендердің маңайындағы малға жайылым жерлер. Кезінде жекешелендіру болған кезде жердің бәрі бөлініп кеткентін. Қазір шектеу қояды, бұл жер менікі, менің жерімде неге мал бағасың деп, қазір мал ұстаудан қалды.

Асхат Рақымжанов, жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы:

- Партияаралық кеңес құрылғаннан кейін бізді жер қатынастары, шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруді алып тастауға қатысты заң жобасын талқылау үшін жұмыс тобының отырысына шақырып отыр. Құжатты толықтай біз қолдаймыз. Құжат ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуына қатысты, бұл ұлттық ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жұмыс тобының мүшелері қандастардың жер үлесі туралы да мәселе көтерді. Олар келе сала тек бау-бақша, саяжайға ғана кішігірім жер алуға құқылы. Ал жер үлесін иемденуге тек азаматтық алған соң ғана рұқсат. Қызу талқы барысында агроөнеркәсіптік кешенге шетелдік инвесторлар қалай жұмылдырылатыны да сұралды. Олар тек өнеркәсіптік аймақтарда қазақстандық бағбандар өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ғана құқылы.

Мәжіліс депутаттары ауыл азаматтарының сеніп тапсырған компаниялары жерді банктерге кепілдікке беріп, қарызды өтей алмай, халықты пайсыз қалдырып отырғаны туралы проблеманы да көтерді.

Автор: Индира Жылқайдарова

Хабар 24 телеарнасы