429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев Президент болғалы елде не өзгерді?

  • 620
  • UPD: 23:47, 19.03.2021

Бүгін Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтатқанына тура 2 жыл.

2019 жылдың 19 наурызы сағат 19-00-де Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасап, Мемлекет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заң бойынша сол сәттен бастап ел тізгінін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Маусым айында елде Президенттік сайлау өтті. Саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Екі жыл бойы мәртебелі міндетті адал атқарып келеді. Ел үміті ақталып келеді. Президент болып, ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі несиесін төлей алмай жүрген тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың қарызын кешіру туралы жарлыққа қол қойды. Соның негізінде 500 мың адамның несиесі жойылды. Бейбіт митингтер өткізуге рұқсат берілді. Заңнамаға тиісті өзгеріс енгізілді. Балаларға жасалған зорлық-зомбылық қылмыстары аса ауыр санатқа жатқызылды. Адам қағып мерт қылған мас жүргізушілер өмір бойы көлік тізгіндеу құқығынан айырылатын болды. Киік атқандарға жаза күшейтілді. Қызметкерінің жемқорлығы үшін басшы отставкаға кететін заң қабылданды. Президенттік жастар кадрлық резерві мен Ұлттық сенім кеңесі құрылды. Мұның бәрі елдегі өзгерістердің бір сыпарасы ғана.

Төлеутай Рахымбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Әрине, тарихи өлшеммен алсақ, 2 жыл деген өте қысқа мерзім. Бірақ біздің Қазақстан үшін өте көп мәселелер шешіліп жатты осы екі жылда. Біріншіден, көп ұзатпай 8 сәуірде президенттік сайлауды жариялады. Ол 9 маусым күні өтті. Ашық өтті деп есептеймін. Өзім қатыстым. Одан кейін шілде айында өзінің Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бұл кеңесте де біраз шешім қабылданды. Біраз саяси реформаларға көзқарас өзгерді. Осы жақында ғана өткен сайлаудың өзі. Мен 2016 жылы сайлауға қатысқам, мәжіліске, мәслихатқа. Биыл 2021 жылы ерекше өтті деп есептеймін. Деңгейі жоғары.

Ал 2020 жыл тарих жылнамасына «пандемия» ретінде жазылды. Коронавирус індеті тек бізді емес, төрткүл дүниені қысты. Дағдарыс жайлады. Мемлекет басшысы уақытылы шешімдер қабылдап, бірден халықтың жағдайына баса көңіл бөлді. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылды. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегеріліп, 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімдерді іске асырды.

Алуа Жолдыбалина, саясаттанушы:

– Бұл Қазақстанның тарихында болмаған жағдай. Мұндай төтенше жағдай енгізген емеспіз, мұндай пандемия жағдайында өмір сүрген емеспіз. Бұл мемлекетке де, азаматқа да, қоғамға да жаңа талап қояды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия қаупіне қарамай, өңірлерде қалыптасқан ахуалды өз көзімен көріп, халықпен жүзбе-жүз кездеспекке былтыр Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарына жұмыс сапарымен барды. Әр аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, түйінді мәселелерді шешу үшін тапсырмасын берді. Тек ел ішілік емес, сыртқы саясат та назардан тыс қалмады. Пандемия уақытында Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шараға, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарына, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жиынына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің төтенше саммитіне, Еуразиялық экономикалық одақтың саммитіне, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының алқалы жиынына онлайн режимде қатысты. Ал биыл Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы өтіп, «Парламенттік оппозиция» ұғымы пайда болды. Азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға мүмкіндік жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімдері бұқара тарапынан жоғары бағаланды.

Марат Башимов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Шынын айту керек, Президенттің шешіміне байланысты зейнетақы қорынан қаржы алып, халыққа бергенінің өзі маңызды. Мемлекет басшысы халықпен бірге екенін көрсетіп отыр. Көмектесіп отыр.  

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ең негізгі мәселе – бүкіл заңдардың барлығы Қазақстанда тұрып жатқан халыққа қолайлы және халықтың әл ауқатын арттыруға бағытталған заңдар.

Ел басқару атанға артылар жүктен де ауыр. Бірақ Президент сыр берген емес! Сындарлы шақтан сүрінбей өтіп келеміз. Елім деп тұрған еріне елі тілекші және тірекші!

Қорған Қонысбайұлы, Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы