Елорда «Жер сағаты» акциясына қосылды. LIVE

Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 20:30-да елорданың барлық ірі нысандарында жарық өшті. Осылайша ел астанасы бүкіләлемдік «Жер сағаты» шарасына қатысты. Бірер сәттен соң тура тоғыз жарымда бас қаланың көшелері қайтадан шам жарығына шомылып, жарқырап шыға келеді. 

Нұршапағат Несіпбаев тілші:

- Әлемнің 180-нен астам мемлекеті электр қуаты мен жарықты тура 1 сағатқа өшірді. Ондағы мақсат қоршаған ортаны қорғау мен табиғат ресурстарын үнемдеу мәселесіне ел назарын аудару. Акцияға үн қатып, жарықтандыру жүйесін сөндірген нысандардың арасында Эйфель мұнарасы, Биг бен, Колизей сынды сәулет өнерінің тамаша туындылары да бар. Қазақстан да бұл бүкіләлемдік шарадан қалыс қалмады. Егер осыдан екі жыл бұрын жарық ірі қалаларда ғана өшірілсе, биыл акцияға еліміздің барлық аймағы қатысты. Біз қазір елорданың әкімшілік аумағында тұрмыз. Мұнда Ақорда, Үкімет үйі, Парламент, Жоғарғы сот пен министрліктердің ғимараты орналасқан. 

Жалпы бас қалада ұзын саны 150-ден астам нысанда электр қондырғылары өшірілді. Бүкіләлемдік акцияның елімізде өтуіне ұйытқы болғандардың бірі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Сала жетекшісі Мағзұм Мырзағалиев өзінің твиттердегі парақшасында қазақстандықтарды бұл эколоиялық науқанға белсенді қатысуға шақырды. Осылайша министр табиғатты сақтауға аз да болса үлес қосуға болатынын атап өткен. 

Жалпы «Жер сағаты» шарасы алғаш рет 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында ұйымдастырылды. Онда 2 миллион адам ауадағы көмірқышқыл газын азайту мақсатында 1 сағатқа барлық техниканы өшіріпті. Бұл жаңалық әлемге лезде тарап, ертеңіне акцияны 35 мемлекет өткізген. Жыл сайын шараға қосылған елдердің саны артып, бүгінде 190-нан асты. Қазір «Жер сағаты» әлемдегі ең ауқымды халықаралық экологиялық шара. Рас, электр қуатын бір сағатқа өшіру экономикалық тұрғыдан алғанда айтарлықтай тиімді болмауы мүмкін. Бірақ өзектілігі жыл сайын артып келе жатқан мәселеге бір сәт көңіл бөліп, ойлану үшін жақсы мүмкіндік.