Министр А.Цой қытайлық вакцина туралы сұраққа сырғытпа жауап қайтарды

Қазақстанда коронавирустың аса қауіпті түрлері тарай бастады. Денсаулық сақтау министрі мұны жасырмады. Індеттің «британдық», «бразилиялық» және «оңтүстік африкалық штамдары» біраз өңірден табылған. Сондықтан ведомство басшысы қауіпті кеселмен күресу үшін сәуір айында вакцинаның 2 жарым млн дозасын сатып аламыз деп сендірді. Бірақ Алексей Цой осыдан 4 күн бұрын айтқан сөзінен бүгін табанасты айныды. Неге? 

Елден тағы маза кетті. Індет қайта күш ала бастады. Әсіресе Алматыдағы жағдай алаңдатып отыр. Ол жақтан коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлері табылды деп айтылған. Министр бүгін соны растады.   

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Вирустың «британдық», «бразилиялық» және «оңтүстік африкалық штамдары» елдің біраз өңірінен табылды. Тек Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарынан анықталмады. «Британдық штамм» жұқтырған 12 науқас анықталды. Оның сегізі Алматыда, төртеуі Ақтөбе облысында, тағы бір науқас елордада. Одан бөлек Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктерінен оралған 8 отандасымыздан осы індет табылған.

Министрдің «британдық штамға» көбірек тоқталғаны тегін емес. Өйткені қауіптісі сол көрінеді. Жылдам жұғады. Сосын науқастар мұны ауыр өткереді екен. Бұл пәлекет адам талғап жатқан жоқ. Сондықтан министрлік вакцина салуды үдеткелі жатыр. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Осы күнге дейін 131 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін қабылдап үлгерді. Екінші компонентті 22 ақпаннан бастап сала бастадық. Содан бері 32 мыңнан аса адамға вакцина салынды. Қазір өңірлерге екпенің 150 мың дозасы жеткізілді. Сәуір айында ресейлік екпенің тағы 2 жарым миллион дозасын алдырамыз. 

Жаздағы жағдайды айтам. Біреудің жаны қиналып жатқанда, енді біреу қалта қамын күйіттеп жүрді ғой. Қазір де сондайлар табылып жатқанға ұқсайды.  Бәзбіреулер ақылы түрде вакцина саламыз депті. Бірақ министр оларға сеніп қалмаңдар деп осы бастан ескертіп отыр. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Елде бар вакцинаның барлығы тегін салынып жатыр. Тіпті медициналық сақтандыру қорымен келісім бойынша жұмыс істеп жатқан жеке клиникалар да екпені тегін салады. Сондықтан қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны ақылы түрде салу деген атымен жоқ.  

Министрдің бұл ескертуін бұқара елейтін шығар. Бірақ әлгінде айтқан алдағы айда 2 жарым миллион екпе алдырамыз деген сөзіне, әй сене қоймас. Неге десеңіз, Алексей Цой осыдан 4 күн бұрын ғана Алматыда өткен шұғыл жиында қытайлық «Синовак» вакцинасының 3 млн дозасын алдырамыз деп сенімді сөйлеген. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- И сейчас на подходе ещё около 3 млн доз «Синовака». Это вакцина тоже заходит. Мы ещё с Pfizer переговариваем параллельно. 

Тап сол күні Қытай елшісі де «қытайлық «Синовак» вакцинасы Қазақстанға жеткізілді» деп сұхбат берген. Ол ақпаратты елшіліктің ресми сайтынан да табуға болады.

Ал бүгін министр «бұдан хабарым жоқ, бәлкім ақпарат таратқан кезде дұрыс түсінбей қалған болу керек» деп құтылып кеткісі келді. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Из контекста наверное было вырвано...

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Министрдің неге түлен түрткендей болып отырғанын білмедік. Жаңылды ма, жоқ әлде жаңылғанын жасырып баққысы келді ме, әйтеуір сырғытпа жауап берді. Бір анығы, бұл вирус жасөспірімдерге де жаппай жұғып жатыр. Оларды вакцина құтқара алмайды. Өйткені ғалымдар балаларға екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Олардың ағзасы көтере алмай қалуы мүмкін дейді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігіне аса мұқият болыңыздар.

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров