Қасиетті Түркістанды әлемге танытуға шақырамын – Президент

«Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын». Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі бейресми саммитінің ашылуында осылай деді.

Басқосу қасиетті Түркістан қаласында ұйымдастырылуы тиіс еді. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуал туындап, онлайн форматта өтті. Саммитке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан басшылары және Венгрия Премьер-министрі қатысты. Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін Наурыз мерекесімен құттықтады. Сосын саммит қорытындысында түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданатынын жеткізді. «Түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістаннан бастаудың бір себебі – бұл шаһар қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен әрі аңсарлы атажұрт», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы өңірде бабаларымыз ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Яссауиден діни білім алып, ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түптамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болған. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр.

Түркітілдес мемлекеттердің болашағы жөніндегі құжатты жасауымыз керек – Елбасы