Президент Денсаулық сақтау министрінің жұмысын сынға алды

Ковид кезінде шығынға батқан кәсіпкерлерге жеңілдік жасалады.

Мұны бүгін коронавирусқа қарсы шаралар жөніндегі жиында Мемлекет басшысы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індетпен күресте Денсаулық сақтау министрлігі нәтиже көрсете алмай жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство басшысы Алексей Цойдың жұмысын сынға алды. Президент елдегі жағдайды бір айдың ішінде реттеуді тапсырды. Бір анығы – қазіргі ахуал мәз емес.

Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Себебі, вирустың мутацияланған жаңа штамдары пайда болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда. Дегенмен, көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар.

***

Иммундық көрсеткіш бойынша көптеген елден қалып келеміз

Пандемиямен күрестің тиімділігі – елдің бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Жаһанда жағдай түзеліп жатқанда көштен кейін қалмау маңызды. Бір шындық бар. Иммундық көрсеткіш тұрғысында біз көптеген көшбасшы мемлекеттен қалып келеміз. Бүгінде 47 мыңдай адам иммундық курстан өткен. Бұл аз. Неге? Өйкені вакцина жетіспейді. Үкімет әуелде «Спутник V» пен отандық вакцина ішкі қажеттілікті толықтай өтейді деп сендірген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы ақпараттың негізінде мен жаппай вакцинациялау 1 ақпаннан басталатындығын айттым. Екі ай өткеннен кейін халықтың 0,2%-ке де жетпейтін бөлігі вакцина алған. Енді маған өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина жеткізуге қатысты келісім жүргізуге тура келеді. Елдер екпелерді жедел жеткізу үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық шарттарға келісуге мәжбүрміз. Вакциналарды тасымалдау, сақтау, тікелей егуге қатысты барлық тетікті тыңғылықты пысықтау қажет.

***

Президент Денсаулық сақтау министрінің жұмысын сынға алды

Ковид жер яки адам таңдамайды. Тіпті қайта айналып кеп, кесіріне тигізеді. Еңбек ұжымдарында, жекелеген жұмыс орындарында коронавирустың бірнеше мәрте өршігенін көріп жүрміз. Осыны ескере отырып, кәсіпорындардың жұмысшыларын белсенді иммундау қажет. Вакцинацияның ұзаққа созылуы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі де әбден мүмкін. Осыған дейін де қанша азаматымыздан айырылғанымыз аз ба?! Сондықтан уақыт жоғалтуға болмайды. Осы ретте Президент Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алексей Владимирұлы, бұған дейін сізге дәл қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі Үкіметтегі басты фигура екендігін айтқан едім. Сіздің ерекше өкілетіңіз бар. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз. Дегенмен, одан кейін қарқынды айтарлықтай төмендетіп жібердіңіз. Сәуір бойы сіз жағдайды дұрыстауыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сіздің көңіліңізді қатты қалдыратын кадрлық шешім қабылданады. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл Үкіметке қатысты.

***

Президент түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды

Президент қоғамда вакцинаға сенімсіздіктің туындау себебін түсіндірді. Оның айтуынша, ақпараттық-насихат жұмыстары кемшін. Ұжымдық иммунитетті көтеру алмаудағы негізгі проблема осы. Қайтпек керек? Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды миссияға кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартуды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн. Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

***

Мониторингтік топтардың жұмысы жетілдіріледі

Прокуратура жанында жаңа колл-орталық құрылады. Оған рейдтер кезінде құқығы бұзылған кәсіпкерлер хабарласады. Мұндай шешім қабылдауға мониторингтік топтардың әрекеті себеп болып отыр. Құзырлы органдар кей тамақтану орындарын толассыз тексеріспен қинаса, енді біріне мүлдем бас сұқпайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Прокуратура жанында колл-орталық жұмыс істеуі шарт. Ол рейдтер кезінде арыз-шағымдарды қабылдайтын болады. Мониторингтік топтардың жұмысын да оңтайландыру қажет. Кейде рейдтердің кесірінен әлеуметтік толқу артады. Құзырлы органдар кәсіпкерлік нысандарының бірін тексерсе, басқасының заңсыз әрекетіне көз жұма қарайды.

***

Кәсіпкерлерге жеңілдік жасалады

Ковидтен біраз сала тұралады. Әсіресе, кәсіпкерлерге қиын болды. Сондықтан Президент індет кезінде шығынға батқан шағын және орта бизнес иелеріне жекелеген салықты төлеу мерзімін шегеруді тапсырды. Екіншіден, салықтық және кедендік қарыздарды мәжбүрлі түрде өндіруді тоқтатуға пәрмен берді. Мұндай жеңілдіктер жаппай вакцина қабылдап, шектеулер азайғанға дейін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің кредиттері бойынша төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырамын. Бірінші кезекте сәуірде жаппай вакциналау жолымен Үкімет пандемияға қатысты жағдайды оңтайлы ете алатынына үміт арта келе, мамыр айынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері қызметіне, оның ішінде қызмет көрсету саласындағы шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады.

***

«Ashyq» қосымшасын кеңінен қолдану міндеттелді

«Ashyq»  қосымшасын кеңінен қолдану міндеттелді. Мұндай жүйе пилоттық негізде елорданың бірнеше мейрамханасына енгізілген. Келушілерді тәуекел тобына қарай бөледі. Вирус жұқтырып, онысын жасырып жүргендер қоғамдық орынға жіберілмейді. Цифрлық мониторинг қоғамды карантин талаптарын сақтауға бейімдейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ақпан айынан бері ПТР-анықтамасы жоқ жолаушылар саны екі есе өсті. 2020 жылдың қараша айында көрсеткіш төмен болатын. Қазір сырттан келген жолаушылардың шамамен 30%-інде тиісті анықтама болмайды. Соның салдарынан елде мутацияға ұшыраған вирустың 3 бірдей штамы анықталды.

Жекелеген өңірлерде сатып алынатын жеке қорғану құралдары тапшы немесе сапасы төмен. Сондықтан «СҚ-Фармация басшылығын ауыстырылды. Осы ретте Президент айтты: «дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда жұмыстан босатылады». Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әр басшы өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындауы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды вакцинаның төңірегіндегі түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды. Қазір деннің саулығы екпеге байланысты екенін мамандар әлдеқайда айтқан болып тұр. Сондықтан вакцинаға үрке қараудың қажеті жоқ.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Рауан Мыңбаев