Қазақстан азаматтығынан шыққан адам үш ай көлемінде жерді Үкіметке қайтаруы тиіс

Бір түйір жер шетелдіктерге, азаматтығы жоқ жандарға, шетелдік компанияларға сатылмайды, жалға да берілмейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген заң жобасын бүгін мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Депутаттар жер мәселесін, қоғамның барлық өкілдерін араластырып, жұмыс топтарында талқылағады. Арнайы құрылған жер комиссиясында айтылған ұсыныстар да назардан тыс қалмайды.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын». Осылай деген ел Президенті: «бір түйірп жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді» деп қоғам дүрдараздығын тудырған мәселеде саяси салмақты шешім қабылдағаны мәлім. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген заң жобасын бүге-шүгесіне дейін қоғаммен бірге талқылаған болатын. Күні ертең ел азаматтары үшін сұрақ тумау үшін құжат нормаларын мұқият саралап шықты.

Анатолий Бойчин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заңға сай шетелдіктерге жерді жалға беруге, сатуға толықтай тыйым салынған. Өте дұрыс. Ал енді аграрлық секторды дамыту үшін оған инвестиция тарту мәселесін қалай шешпексіздер?

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Шетелдік инвесторлар негізінен қайта өңдеу кәсіпорындарына ақша құяды, яғни жер тек ел азаматтарына, яғни отандық тауар өндірушілерге ғана беріледі. Тараптар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы келісімге отырады. Салаға қаражат тарту үшін қосымша механизмдер қарастырылады. Аграрлық өнеркәсіптік кешенді дамытудың 5 жылдық ұлттық жоспары әзірленуде.

Осы ретте Мәжіліс төрағасы аграрлық саланы жаңғырту үшін жер комиссиясы аясында қаржы институттарының басшылығымен кездесіп, мәселені шешу қажеттігін атап өтті. Депутаттар мораторий енгізілгенге дейін берілген жерлердің көлемін анықтап сұрады. 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері шетелдік үлесі бар кәсіпорындарға берілген. Одан басқа екі шетелдік заңды тұлға 18,5 мың гектар жерді жалға алған. Оларды жалға алу мерзімі 2025 жылы аяқталады әрі ұзартылмайды. Осы уақыт өткен соң жер Үкіметке қайтарылады. Себебі бұдан былай бір телім жер шетелдіктерге берілмейді. Президенттің бұл шешімін депутаттар жаппай қолдап отыр.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осымен біздер ата-баба аманатын орындау жолына қадам бастық, әрине, бұл жолда әлі де атқарылатын көп міндеттер бар. Алайда бұл заңды қабылдау басқа да қажетті шешімдердің іргетасы деп түсінуіміз керек. Құрылған жұмыс тобы тиісті ұсыныстарды қарастыруы керек. Ары қарай оны тереңдету іс-шараларын жер жөніндегі комиссия қарастыруда. «Ақ жол» партиясы Президент Тоқаевтың жер мәселесіне қатысты ұстанымын толық қолдайды.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жерді иемдену құқығы бізге ата-бабаларымыздың ерен еңбегімен келді, сол себепті жеріміздің қадірін біліп, сақтауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Президенттің жер мәселесін толық шешуі халық үшін баға жетпес сыйлық. Мемлекет басшысы «шетелдіктерге жер берілмейді» деп тоқетерін айтты. Қазақстанның халық партиясы Президент бастамасын қолдап, құжаттың мақұлдануына дауыс береді.

Айта кетейік, ал Қазақстан азаматтығынан шыққан азамат 3 ай көлемінде жерді Үкіметке қайтаруы тиіс. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің бастамасымен әзірленген заң жобасы халықтың мүддесін көздейтінін айтты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінгі мақұлданып отырған жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кеемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады.

Жер мәселесіне қатысты арнайы жер комиссиясы құрылғаны мәлім. Ондағы ұсыныстардың барлығы құжаттарды әзірлеу барысында есепке алынатын болады.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Қандастарға қатысты айтсақ, оларға елге орала сала бау-бақша, саяжай құрылысына деп азын-аулақ жер беріледі, ал азаматтық алған соң жер үлесін алуға толық құқылы болмақ. Ал азаматтық алуға бар болғаны 3 ай уақыт кетеді. Жалпы депутаттар жерге қатысты заң жобасын қоғам белсенділерінің пікірін мұқият ескеріп бірінші оқылымда мақұлдап отыр.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин