Қасиетті Рамазан айы басталды

Бүгін барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Жамағат ауыз бекітіп, ораза ұстады. 

Биыл қасиетті ай сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні басталып, мамырдың 12-не дейін жалғасады. Елдегі карантиндік шараларға байланысты бірқатар шектеулер бар.

Айталық, кей өңірлерде ауызашар ұйымдастырылып, жұма немесе тарауих намаздары оқылмауы мүмкін. Бұл негізінен сол аймақтың коронавирусқа қарсы қабылдаған шешімдеріне байланысты. Егер өңір жасыл аймақта болса, онда діни жоралғылар жасалады. Дегенмен, былтырға қарағанда жағдай қалыпты деуге болады. Себебі өткен жылы құлшылық ету орындары түгел жабық болған. Биыл ашық. Ал ауызашарға келсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен арнайы қоржындар дайындалып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылады.

Смайыл Сейітбек, ҚМДБ Білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі:

- Санитарлық жағдайларға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Биыл бірқатар шектеуіміз бар. Жасыл аймақта жұма, тарауих назамы оқылады. Қызыл аймақ оқылмайды. Жұма намаз да солай. Ал үшінші бір маңызды рәсім ауызашар. Әдеттегідей мешітте ас дайындап, ауызашар беруге шектеу енгізілді. Жасыл аймақта 50 адамға дейін беруге рұқсат етілген.