429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандағы эпидахуал күрделі – Министрлік

  • 408
  • UPD: 23:20, 14.04.2021

Шет мемлекеттерге әуе рейстері қысқартылуы мүмкін. Себебі Қазақстан 14 күннен бері тәуекелі жоғары «қызыл аймақта» тұр. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысында эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. 7 облыс сары аймаққа ауысса, екі өңір жасыл аймаққа өтті.

Наурыз айымен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны 3 есеге көбейген. Ел бойынша инфекциялық ауруханаларда 32 мыңнан астам төсек дайындалса, қазір оның 40 проценті толды. Жансақтау бөлімдерінде 3 мыңға жуық орын бар. Вирустың таралуын азайту мақсатында вакциналау кең көлемде жүргізіліп жатыр. Күні бүгінге 120 мың медицина қызметкері, 40 мың полиция қызметкері мен 46 мың педагог вакцина алған. Жалпы вакциналаудың алғашқы кезеңінде 400 мың адамға екпе салынды. Ал ПТР тестілеу тәулігіне 48 мыңға жеткізілді.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

- Сәуірдің басынан бастап өңірлерге 923 мың доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Айдың аяғына дейін тағы 910 мың доза «Спутник V» мен 500 мың доза басқа да өндірушілердің өнімі жөнелтіледі. Бұған қоса 25 мың доза QazVac вакцинасы бар. Яғни 2 млн адамның вакцина алу мүмкіндігі бар. Вакцина қолжетімді болуы үшін еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысымен адам көп шоғырланатын жерлерде вакциналау ұйымдастырылады. «Ашық» қосымшасына «қызыл аймақта» тұрған 437 нысан қосылған. Қосымшаны 175 мың адам жүктеп алған және тәулігіне 34 мың адам қолданады. Қосымшаның көмегімен 347 адамнан вирус анықталды. 

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

- Түркияда эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Вирус жұқтыру көрсеткішін айтар болсақ, күн сайын 5 мың жағдай тіркеледі. Бұл біздің елдегі жағдаймен салыстырғанда 5 жарым есеге көп. Сондықтан бүгін ведомствоаралық комиссия отырысында Түркиямен арадағы әуе рейстерін қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Қазір бұл ұсыныс қаралып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы